Ғалым, профессор Дәулет Тынышбаев 80 жаста
Дәулет Мұхамеджанұлы 1964 жылы И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтында «Мұнай және газ кеніштерін игеру» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шығады. Сол жылы Уфа мұнай ғылыми-зерттеу институтының қойнаудағы мұнай және газ зертханасының жетекшісі болып тағайындалады. Осы жерде 18 жыл тұрақты еңбек етіп, ғылыми жұмыстарын одан әрі жалғастырады.
1983 жылы Дәулет Мұхамеджанұлының бастамасымен қойнау және қойнаудағы газ іспетті сұйық магма құрамдарының коллекторлық қасиеттерін зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу бөлімі ашылып, осы бөлімге жетекшілікке жіберіледі. 2001 жылға дейін тағы да 18 жыл құрамында 6 тәжірибелік зертханасы бар бұл бөлімге де жетекшілік етеді. Бұл жерде орындалған зерттеу жұмыстарының нәтижелері іздеу және барлау геологиясы, геология кәсіпшілігі, мұнай және газ өндіру мен дайындау, кеніштерді игеруді жобалау мен сараптау сияқты ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау үшін тиімді пайдаланылады.
Ғылыми жұмыспен де қатар айналысқан Дәулет Мұхамеджанұлы «Қойнаудағы мұнайды зерттеудің және мұнай кеніштерін игеру үдерісінде сапалық өзгерістерді болжаудың ғылыми-әдістемелік негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертациясын да табысты қорғап шығады.
15 жыл бойы КСРО Мұнай министрлігінің мұнай мен газды зерттеу мәселелері бойынша әдістемелік кеңесінің мүшесі болып сайланған. 35 жыл бойы өзі бітірген институттағы ғылыми кеңес пен диссертациялық әдістемелік кеңестің, ал 1998 жылдан докторлық қорғау бойынша диссертациялық кеңестің мүшесі. Оның ғылыми-өндірістік қызметі медальдармен, «Башқұртстан Республикасының құрметті ғылым және техника қайраткері (1985)» атағымен атап өтілген, бірнеше рет КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің грамоталарымен марапатталды.
Ол - 150-ден аса ғылыми еңбектер мен авторлық куәліктердің иесі. Сондай-ақ ҚБТУ мен ҚазҰТУ-дың докторлық қорғау бойынша бірлескен диссертациялық кеңесінің де мүшесі болып сайланған. Қазіргі кезде Д.М.Тынышбаев (Шейх-Әли) ҚБТУ-дың мұнай-газ инженериясы кафедрасының профессоры. Сонымен бірге, мұнай-газ саласындағы математикалық зерттеулер ғылыми-зерттеу зертханасы жетекшісінің орынбасары қызметін атқарып келеді.
Кеңейтілген мәжілісте ғалымның өмірлік еңбек жолына қатысты баяндама жасалып, бейнекөріністер қойылды. Сонымен қатар, ҚБТУ ректорының құттықтау хаты оқылып, мерейтой иесін еңбек ұжымы мен басқа да кафедра өкілдері құттықтады.