Ғалым: Жастар мәселесі – үнемі Елбасы назарында
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын Қазақстан халқы бұл жолы да үлкен үмітпен күтті. Өйткені әр Жолдау еліміз дамуының өзекті мәселелеріне арналады. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жастар мәселесі еш уақытта Елбасы назарынан тыс қалған емес. Бұл жолғы Жолдауда, ең алдымен, барлық санаттағы жастардың мүддесіне сай мемлекеттік деңгейде атқарылатын әлеуметтік іс-шаралар кешенінің ұсынылуы, жас отбасыларды үймен қамтамасыз етуді жетілдіру тетіктерін іске қосу және жастарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешендерін салуды күшейту мәселелері қадап айтылғаны бізді ерекше қуантты», - дейді Е.Сайлаубай.
Ғалымның айтуынша, мемлекет тарапынан жастарға және жас отбасыларға көрсетіліп отырған қамқорлық пен қолдау келесіде жаңа мазмұнға ие болмақ. «Алдағы уақытта осы бағыттағы Елбасы тапсырмаларының түйінделген іс-шаралар кешені толығымен жүзеге асады деген сенімдеміз», - деді ол.
Фото: hist.enu.kz