Ғалымдар: Азия халқы Американың бар екенін Колумбтан бұрын білген

АҚШ археологтары Аляскадан осы халықтар арасында сауда-саттық байланыстардың болғандығын растайтын жәдігерлерді тапты. Пардью Университетінің қызметкері Кори Купер былай дейді: «Жалпы үндістер мен Азия халқының арасында байланыстың болғанына бұрын да көзіміз жеткен еді. Енді бұл деректер нақтылана түсті. Азия халқы Америка тұрғындарына металл сатқан. Себебі біз тапқан металл құймалары Еуразияда құйылып, артынша Сібір мен Беринг бұғазы арқылы Аляскаға жеткізіліп отырған».
Ғалымдардың тұжырымдарын Аляскада тұрған халықтың мекенінен табылған жәдігерлер мен еңбек құралдары растай түсті. Бұл жердің халқы отырықшы өмір салтын ұстанған. Бұған олардың қатқан мұз арасынан табылған көптеген мәдени ескерткіштері мен металл бұйымдары дәлел болады.
Купердің айтуынша, металдан жасалған еңбек құралдары өте сирек және ілуде бір кездесетін жәдігер саналады. Себебі сонау заманда металл аса тапшы материал болғандықтан, тұрғындар одан жасалған заттарды ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырып, әбден тозығы жеткенше пайдаланған.