Ғалымдар: балық майы баланың ұйқысын жақсартады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оксфорд университеті зерттеушілерінің мәлімдеуінше, балық майының капсуласын пайдалану арқылы балалардың ұйқысының сапасын арттыруға болады.

Ғалымдар: балық майы баланың ұйқысын жақсартады

Ғалымдар бастауыш мектепте оқитын 7-9 жас аралығындағы 352 балаға зерттеу жүргізген. Осы тәжірибе аясында өрендердің ата-аналары толтырған анкеталарға қарағанда, 10 баланың төртеуінде ұйқысыздық белгілері тіркелген. Зерттеу барысында балалардың бір бөлігіне балық майы, ал қалғандарына плацебо (алдамшы дәрілік зат) беріліп отырған.

Атап айтқанда, күн сайын балық майының капсуласын қабылдап жүрген жеткіншектер 58 минутқа артық ұйықтап, плацебо қабылдағандарға қарағанда түн ортасында жеті есе кем оянған, деп хабарлайды MIGnews.

Осы орайда ғалымдар балалар мен ересектерге аптасына кем дегенде екі мәрте балық жеу керектігі туралы кеңес берді.

Бұдан бұрын Норвегияның теңіз өнімдерін зерттеу ұлттық институтының ғалымдары жүкті әйелдердің майлы балықты пайдалануы нәрестенің ақыл-ой дәрежесін 5 баллға дейін арттыратынын анықтаған еді.