Ғалымдар безеудің неден пайда болатынын анықтады
АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ирландия ұлттық университетінің ғалымдары қызғылт безеудің неден пайда болатынын анықтады.
Бәріне кінәлі тері майымен қоректенетін демодекс кенесінің бактериялары екен. Бұл туралы «Алаш айнасы» газеті жазады.
Мамандар қызғылт безеудің, негізінен, терісінде демодекс кенешіктері көп кездесетін адамдардың ауруы екеніне көз жеткізді. Зерттеу тобының жетекшісі Кевин Кванагхтың айтуынша, мұндай ұсақ жәндіктер қоректі қорыта алмай, оларды үнемі тасымалдаумен болады да, соның салдарынан Bacillus oleronius бактериясын туғызады.
Осы микроағзаның әсерінен көбіне бет, маңдай, мұрын терісінің асты қабынады. Адамдар безеуге қарсы қанша антибиотик қолданғанымен, одан құтылу оңай емес. Мұның себебі антибиотиктер бактерияларды өлтіргенімен, демодекс кенесінің өзін жоя алмайды. Енді жаңа зерттеудің нәтижесінде фармацевтикалық компаниялар сол зиянкестерге қарсы дәрі-дәрмек шығаруды ұйғарып отыр.