Ғалымдар дін ұстанатындардың денсаулығы мықты болатынын анықтады
АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Белгілі бір наным-сенімді ұстанатын адамдардың денсаулығы атеистерге қарағанда жақсырақ болады.
Американың Миссури университетінің ғалымдары бірнеше зерттеу жүргізіп, психика мен руханилық арасында байланыс барын анықтады. Бұл туралы Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің ресми muslim.kz сайты жазып отыр.
Ғалымдардың зерттеуіне будда, иудаизм, мұсылман, католик және протестантизм діні өкілдері қатысқан. Зерттеудің нәтижесінде адамдардың руханилық деңгейі қаншалықты жоғары болса, оның психикалық жай-күйінің де соншалықты жақсы болатынына көз жеткен. Профессор Дэн Коэннің айтуынша, діни сенім кейбір адамдардың қатерлі ісік, жүрек талмасы, жұлын-ми жарақаты сияқты аурулардан айығып кетуіне көмектескен. Мұнымен қоса көппен бірге діни бірлестікке мүше болу да адамға айтарлықтай күш береді екен. Ғалымның сөзіне қарағанда, мұндай сезім эмоциялық тұрақсыздық пен түңілу деңгейін төмендетеді. Діни ағымға еру сонымен қатар адамның менменшілдігін жойып, кеңпейілдігін арттыратын көрінеді. Американдық ғалымдар өз зерттеуін адамды наным-сеніммен емдеуге болады деп тұжырымдап отыр.