Ғалымдар Гүлжан Қарақұсовадан «Агроуниверситет» оқу-өндірістік шаруашылығын мақсатты қаржыландыруға қолдау көрсетуін сұрады
АЛМАТЫ. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Агроуниверситет» оқу-өндірістік шаруашылығы техникалық және технологиялық жаңартуларды қажет етеді.
Оны Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқытушы ғалымдары кеше ҚР Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсовамен болған кездесуде айтты.
ҚР ҰҒА академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Елешов депутаттан оқу орнының ҚазҰАУ-дың «Агроуниверситет» оқу-өндірістік шаруашылығын мақсатты қаржыландыру туралы үкіметке сұрау жолдап, қолдау көрсетуін сұрады. «Алматыға жақын жерде орналасқан бұл шаруашылықтарда біздің студенттер тәжірибеден өтеді. Әйтсе де олар күрделі техникалық және техноллогиялық жаңарту жұмыстарын қажет етеді. Біздің түлектер барлық озық техника мен технологиялар қолданылатын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысады», - дейді Рахымжан Елешұлы. Ал профессор Ғалижан Мәдиевтің айтуынша, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жандандыру білім, ғылым және өндірістің арасындағы тікелей ықпалдастыққа байланысты. Табиғат және ресурстық әлеуетті қолдану деңгейінің төмендігінің себебі экономиканың дамуын реттейтін экономикалық саясат пен құқықтық базаның жетімсіздігінде. Заңдар - экономикалық саясатты жүзеге асырудың құралы. Аграрлық ғалым-экономистер және құқықтанушылардың экономикалық саясатты, құқықтық базаны жетілдіруде қабылданатын жаңа заңдардың сараптамасында пайдасы зор.