Ғалымдар Қазақстанның қазіргі заман тарихын жазып шықпақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан тарихшылары еліміздің тарихын жаңаша жазып шығу үшін еңбектенуде. Бұл туралы бүгін өткен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы аясында Отан тарихы ғылымын зерделеу» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясында Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Жанна Қадыралина айтты.
«Біздің алдымызға Қазақстанның қазіргі заман тарихын жазып шығу міндеті қойылды - яғни бұл еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытты қамтиды. Бұл кезең тарих ғылымында енді ғана зерттеле бастады, тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктердің барлығын біз өз көзімізбен көріп, өзіміз куәгер болып келеміз», - деп атап өтті Ж.Қадыралина.
Оның айтуынша, тарихшылардың басты міндеті осы үдерістерді талдап жазып, жаңа тенденцияларды анықтап, қоғамымыздың даму жолдарын айқындау. Сонымен қатар, өмірде орын алып жатқан өзгерістерді тиімді талдау үшін ғылыми базаны жетілдіру қажет.
«Сонымен қатар, бүгінгі конференцияға қатысушылар «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы контекстінде Қазақстан тарихы ғылымының осы кездегі ерекшеліктері мен жетістіктері, ары қарай даму жолдары, оқытудың инновациялық әдістемесін оқу үрдісіне енгізу, жаңа буын оқулықтарын даярлау, ақпараттық технология жетістіктерін кеңінен пайдалану сияқты мәселелерді талқылайды», - дейді Ж.Қадыралина.