Ғалымдар: Қыпша белді адамдар ұзағырақ өмір сүреді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Адам өмірінің ұзақтығы оның белінің көлеміне байланысты. Медицина мамандарының пікірінше, кез келген жанның белінің жуандығы оның бойының ұзындығының жартысынан аспауы тиіс.
Лондон университетінің ғалымдары зерттеу жүргізу нәтижесінде адамның бойы мен белінің жуандығының арасындағы байланысты анықтап, соның негізінде мерзімінен бұрын өлім құшу себептерін нақтылады.
Яғни, егер адамның бойы 180 см болса, оның белінің жуандығы 90 сантиметрден аспауы тиіс. Зерттеушілердің есептеулері адам белінің көлемі оның бойының жартысынан неғұрлым көбірек артық болса, өмірінің соғұрлым қысқарақ болатынын көрсетті. Мәселен, белінің жуандығы бойының ұзындығына шаққанда оның 60%-ын құрайтын адамның өмір жасы 2 жылға қысқарады екен. Себебі, белге артық майдың жиналуы жүрек-қан тамыры аурулары мен ағзаның ішкі мүшелерінің ауруларын туындатады, деп хабарлайды БЕЛТА.