Ғалымдар: Қызыл ет жеуден бас тарту адамды күйзеліске ұшыратады

Ғалым өз зерттеуі барысында құс етінің де, балықтың да қызыл етте болатын жануарлар ақуызының орнын толтыра алмайтынын анықтады. Сондай-ақ жануарлар етінде қанның қызыл түйіршіктерін жасау үшін қажетті темір мол, ал оның тапшылығы анемия ауруын тудырып, адамның жиі шаршауына, жұмыс қабілетінің төмендеуіне, ұйқысының бұзылуына, күйзеліске ұшырауына әкеледі. Сонымен қатар тырнақ пен шаштың сынғыштығы, терінің түлеуі байқалады, көздің асты қарайып кетеді. Темір жетіспеушілігінің адам ағзасының репродуктивті қызметіне де кері ықпалы бар.
АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығы мамандарының пікірінше, майлы емес ет қандағы холестерин тепе-теңдігінің сақталуына септігін тигізіп, жүрек-қан тамыры жүйесін төзімді етеді әрі зат алмасу процестерін реттейді. Ал бұл өз кезегінде адамның шашының, тырнақтарының, терісінің күйін жақсартады.
Сарапшылар сондай-ақ денсаулық үшін қажетті элементтерді теңіз өнімдерінен де толыққанды алу мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан вегетариандық диетасын ұстанатындар өздерінің ас-ауқаты туралы ойланғандары жөн, дейді олар.