Ғалымдар: Мыс - обырды жеңудегі жаңа баспалдақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Обырдың кейбір түрлеріне мыс ауадай қажет. Сондықтан бұл жаңалық обырдың осал тұсы болуы әбден мүмкін, деп жазады The Telegraph. Бұдан шығатыны, мыстың сіңуіне тосқауыл қоятын дәрілер заманауи обырға қарсы терапияның бет-бейнесін өзгертуі мүмкін.
BRAF генінде мутациясы бар обыр өсіп-өнуі үшін мысқа зәру. Олардың қатарына меланома мен тері обырын жатқызуға болады. Дьюк университеті медициналық мектебінің профессоры Кристофер Каунтердің айтуынша, BRAF гені жасушаларды реттеуге және дифференциациялауға қатысады. Ал обырдың белсенді жасушалары шектен тыс бейдифференцияланған. Мутацияға ұшыраған BRAF гені жасушаларды өсуге итермелеген кезде, олар қалыптан тыс бейнеде дами бастайды.
Зертханалық тәжірибелер көрсеткендей, мысты сіңіру процесін бұғаулау обыр жасушаларының дамуын тежеген. Дәл осындай нәтижені Вильсон ауруын емдеуге арналған дәрілер де көрсеткен. Бұл - дене тінінде мыстың жиналып қалатын генетикалық ауруы. Мыстың жиналып қалуынан ми мен бауыр ауруға шалдығады.
Сондықтан мұндай дәрілерді меланома, өкпе және қалқанша безінің обыры мен басқа да обыр түрлерін емдеуге пайдалануға болады. Клиникалық зерттеу қолдау тапты. Яғни жуық арада Дьюк университетінің ғалымдары меланомамен ауыратын науқастардағы мыстың деңгейін төмендететін дәрілерді тексерістен өткізе бастайды.