Ғалымдар жүрек ауруының өршуін төмендететін алты өнімді атады
ГАМИЛЬТОН. ҚазАқпарат – Макмастер университеті жүргізген зерттеу алты өнімге бай диета жүрек жұмысын жақсартып, жүрек-қан тамыр ауруларының туындау қаупін төмендететінін анықтады. Зерттеу Еуропа кардиологтар қауымдастығының «European Heart Journal» журналында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, 2019 жылы 18 миллион адамның өліміне жүрек-қан тамыр аурулары себеп болған. Бұл – әлемдегі өлім жағдайының 32%-ы. Оның 85%-і жүрек ұстамасы мен инсульт салдарынан болған.
Мұндай дертке әкелетін негізгі себептер – шылым шегу, ішімдік, дұрыс тамақтанбау, холестерин мөлшерінің көп болуы, артық салмақ пен физикалық белсенділіктің аздығы. Зерттеушілер әлемнің 80 елінен 245 000 адамды зерттеді. Рационында жеміс-жижек, көкөніс, бұршақ өнімдері, жаңғақ, балық пен қаймағы алынбаған сүт көп адамдарда жүрек-қан тамыр аурулары туындау және өлім қаупі бұл өнімдерге жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмеген адамдарға қарағанда төмен екені анықталды.
Зерттеу авторлары PURE жаһандық зерттеу нәтижелерін талдады. Бұл зерттеудің басқалардан айырмашылығы – табысы жоғары, орташа және төмен елдердің нәтижелері қосылды. Талдауда мынадай факторлар ескерілді: жасы, жынысы, белдің мықынға қатынасы, білім деңгейі, табысы, қала немесе ауылды жерде тұратыны, физикалық белсенділігі, темекі шегу-шекпеуі, диабет, статиндер немесе жоғары артериялық қысымға қарсы ішетін дәрілер.
9 жыл ішінде 15 707 өлім мен 40 764 жүрек-қан тамыр ауруы тіркелді. Дұрыс тамақтанған адамдар арасында өлім қаупі 30%-ға, ЖҚА туындау қаупі 18%-ке, миокард инфарктісі – 14%, инсульт 19%-ға азайғаны анықталды. Осылайша, ғалымдар тамақтану рационына күніне 2-3 порция жеміс, 2-3 порция көгөніс, аптасына 3-4 порция бұршақ өнімдері, 7 порция жаңғақ, 2-3 порция балық және 14 порция қаймағы алынбаған сүт өнімдерін қосуды ұсынады.