Ғалымдар: Жылқы адам эмоцияларын сезе алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жылқылар адамдардың эмоцияларын сезе алады, деп хабарлады BBC News ақпараттық порталы Ұлыбритания ғалымдары жүргізген зерттеуге сілтеме жасап.
Британиялық Суссекс Университетінің зерттеушілері 28 жылқының қатысуымен зерттеу жүргізді. Онда жылқыларға адамдардың түрлі эмоциялары бейнеленген суреттер көрсетілді.
Жүрек белсенділігін өлшейтін құралдардың арқасында ғалымдар теріс эмоциялы суреттер жануарлардың жүрек қағысын үдеткенін анықтады.
Сүтқоректілердің ми құрылымының ерекшелігіне байланысты сол көзбен көрген ақпарат мидың оң жақтағы бөлігімен өңделеді. Ол эмоцияларды қабылдауға жауап береді. Зерттеушілер атап өткендей, тәжірибеге қатысқан жылқылар теріс эмоциялы суреттерге сол көзбен қараған.