Ғалымдарды дайындаудың жаңа жүйесіне көшкелі отырмыз - Мемлекеттік басқару академиясының ректоры

АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - «Мемлекет басшысы өткен жылы «Ғылым туралы» жаңа Заңға қол қойды.

Ғалымдарды дайындаудың жаңа жүйесіне көшкелі отырмыз - Мемлекеттік басқару академиясының ректоры

Бұл құжат Қазақстан ғылымын дамытудағы инновациялық бастама болып отыр»,-деп атап көрсетті бүгін Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсілов аталмыш академияда Мемлекет басшысының Жолдауына байланысты ғалымдар мен докторанттар және магистранттар арасында өтіп жатқан ғылыми-тәжірибелік конференция барысында.

Ректордың сөзінше, Президент қол қойған жаңа «Ғылым туралы» Заңында ғылымды қаржыландырудың гранттық, базалық және жобалық сияқты жаңа үлгілері көрсетілді. Осының арқасында елде ғылым саласын қаржыландыру ерекше өзгеріске ұшырады.

«Өткен жылмен салыстырғанда, биылғы жылы ғылымды қаржыландыру 20 миллиард теңгеден 49,7 миллиард теңгеге дейін өсті. Яғни өсім 70 пайыз. Мемлекет тарапынан қамқорлық білім беруді дамытумен байланысты заңнамалар мен бағдарламалар негізінде де көрсетілуде. Осының арқасында ғылым саласына жастар көптеп келе бастады»,-деді Б.Әбдірәсілов.

Оның сөзінше, осы игіліктердің арасында магистратура мен PhD докторантурасы негізінде жас ғалымдарды дайындау ісін ерекше бөліп айтуға болады.

«Биылғы жылы магистранттарды дайындау ісіне бөлінген қаржы екі есеге өсті. Осының нәтижесінде біз жылда 2,5 мың магистрант қабылдайтын болсақ, қазір олардың саны 7 мыңға жетті. Екіншіден, қазір мемлекет жаңа докторантураны дамыту ісіне ерекше көңіл бөлуде. Ол - PhD докторантурасы. Осылайша, біз өзіміздің ғалымдарымызды дайындаудың жаңа жүйесіне көшкелі отырмыз»,-деді академия ректоры.