Ғалымдарды материалдық, әлеуметтік жағынан ынталандырмай ғылымды дамыту мүмкін емес - Динар Нөкетаева

СТАНА. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат - Ғылым саласындағы басты тұлға - ғалым, ғылыми қызметкер. Ғалымдарды материалдық, әлеуметтік жағынан ынталандырмай ғылымды дамыту мүмкін емес. Бұл пікірді бүгін Мәжілісте өткен «Ғылым туралы» заң жобасының таныстырылымында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева айтты,

Ғалымдарды материалдық, әлеуметтік жағынан ынталандырмай ғылымды дамыту мүмкін емес  - Динар Нөкетаева

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттың пікіріне сүйенсек, ғалымдардың, ғылыми қызметкерлердің еңбекақыларының өте төменгі деңгейде (еліміздегі орташа еңбекақы мөлшерінен екі есе кем) болуы, олардың осы саладан жаппай басқа салаға, шет елдерге кетуіне себеп болды. Осы салада тек өз ісіне шын берілген, өмірін ғылыммен тығыз ұштастырған нағыз ғалымдар, жасы келгендері ғана қалды. Ғылым саласындағылардың басым бөлігінің жас шамалары 50-60-тан асып кеткен. Талантты жастардың ғылымға баруға құлқы жоқ. Мұның өзі саладағы кадр мәселесінің үлкен проблемасын туындатып отыр.

«ХХІ ғасыр адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған, адамның түсіне де енбеген орасан зор ғылыми және технологиялық жетістіктерімен еніп отыр. Іргелі және қолданбалы ғылым жетістіктерін өмірде қолданылуы - бұрыннан қалыптасқан адамның өмір сүру жағдайын танымастай өзгерістерге алып келуде. Ғылым дамуы - қандай да мемлекет болмасын оның экономикалық дамуының, қауіпсіздігінің, халықының әлеуметтік - экономикалық жағдайының, рухани өсуінің негізі, өзегі болатыны белгілі.. Ал экономикасы мықты дамыған елдің әрқашанда халықаралық аренадағы беделі де жоғары болатыны түсінікті. Отандық ғылымның дамуы - елімізде үлкен экономикалық серпіліске, жеделдетілген индустриялды-инновациялық бағдарламаның табысты іске асырылуына, тәуелсіздігіміздің баянды болуына, күш-қуатымыздың еселей артуына алып келетінін Елбасымыз Парламент сессияларының ашылуында, жыл сайынғы халыққа Жолдауларында, түрлі кездесулерде бірнеше рет шегелей айтқан болатын. Сондықтан отандық ғылымды дамыту - еліміздің стратегиялық дамуының ең бір басым бағыттарының бірі десек артық болмас деп ойлаймын. Сонымен қатар ғылым дамуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің де, мемлекет үшін маңызы ерекше. Осы орайда аталмыш заң жобасының тұжырымдамаларын талқылауды өткізіп отырған бүгінгі отырыстың да мәні зор»,- деді депутат Д.Нөкетаева.