Ғалымдардың білімін ғарыш саласына пайдалану керек - Мейірбек Молдабеков

АЛМАТЫ. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университеті мен Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетінде ғарыш саласына арналған жаңа кафедра, факультет және институттар ашылады. Оны ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков бүгін Алматыда өткен ғарыштық жүйелер мен кешендер жасау жобаларын ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету туралы семинарда айтты,

Ғалымдардың  білімін ғарыш саласына пайдалану керек  -   Мейірбек Молдабеков

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты - ғарыштық қызметті дамыту. Біз елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа ғарыш саласы өндірісін орнатамыз деп алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз. Ол үшін біраз мәселені шешуіміз керек. Соның ішінде көкейкесті мәселенің бірі - мамандар жайы. Бізде бұрын ғарыштық өндіріс болмағандықтан, елімізде жоғары дәрежелі ғалымдар болғанмен оларды ғарыштық техниканы жасауға пайдалану тәжірибесі жоқ. Ал ғарыш саласын дамыту үшін көп мамандар керек", дейді ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымының докторы, профессор Мейірбек Молдабеков. ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасы орынбасарының айтуынша, Ресейде, Украинада және президенттік "Болашақ" бағдарламасының шеңберінде өзге шет елдерде дайындалып жатқан мамандармен шектелуге болмайды. Бәрібір бұл да жеткіліксіз. Сондықтан мамандарды Қазақстанның өзінде дайындауды алдына мақсат етіп қойып, ҚазҰУ мен ҚазҰТУ-да жаңа кафедра, факультет және институттар ашылмақ. Бұл үшін Білім және ғылым министрлігімен келісіп арнайы бағдарламалар мен стандарттар жасау қолға алынған.

"Бірақ, бізге мамандар қазір керек. Оны қайдан алуға болады? Қазақстанда ғылым кеңестік дәуірде жоғары деңгейде дамыған. Әйтсе де ғалымдар ғарыш саласында жұмыс істеген жоқ. Тікелей байланыс болған жоқ. Сондықтан жоғары дәрежелі ғалымдардың біразы қазір өз білімін пайдалана алмай жүр. Сол себепті біз олардың білімін тиімді пайдалану үшін осы семинарды өткізіп жатырмыз. Мұнда ғарыш саласында жұмыс жасайтын арнайы кәсіпорынардың мамандары қандай жобаларды жүзеге асырып жатқаны туралы баяндама жасап, ғалымдарды ғылыми мәселелермен таныстыруда", дейді Мейірбек Молдабеков.