19:23, 02 Шілде 2023 | GMT +5
Ғалымжан Қырықбай – «Қазақстан барысының» екінші финалисі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ғалымжан Қырықбай елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан «Қазақстан барысы-2023» республикалық турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жартылай финалдың екінші белдесуінде қос «Әскер барысы» Марат Байқамұров пен Ғалымжан Қырықбай бақ сынасты.
Негізгі уақытта қарсыластар қос ескертуден алып, 1 минуттық «белдесу» кезеңінде Ғалымжан Қырықбайдың бағы жанды.
Осылайша ол «Әскер барысы-2023» турнирінің финалында кеткен есесін қайтарды.
Еске салайық, биыл «Қазақстан барысы» жылдағыға қарағанда өзгеше өтіп жатыр.
Жаңа облыстардың ашылуына байланысты жарысқа қатысушылардың саны артқан. Нақтырақ айтсақ, 41 палуан бақ сынап жатыр.
Оның ішінде 33 палуан облыстардан, 2 спортшы «Әскер барысынан» және 3 қаладан тағы 6 спортшы қатысуға мүмкіндік алған.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, турнирдің жалпы жүлде қоры – 40 млн теңге, оның ішінде жарыс жеңімпазына 25 млн теңге сыйақы беріледі.