Ғалымжан Пірматов теңге – доллар жұбының сауда-саттығын ашу неге кейінге қалдырылғанын түсіндірді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында теңге – доллар жұбының сауда-саттығын ашу неге кейінге қалдырылғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұлттық банк нақты уақыт режимінде жағдайдың дамуын бақылап, Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне тигізетін әсерін бағалап отырады. 26 және 27 ақпанда АҚШ және Еуропа елдері Ресейдің жекелеген банктерін SWIFT-тен ажырату және Ресейдің Орталық Банкі активтерінің жұмысына тыйым салу арқылы Ресейдің қаржы секторына қатысты бұрын соңды болмаған шектеу шараларының жаңа топтамасы туралы жариялады», - деді Ұлттық банк басшысы.
Аййтуынша, Ұлттық банк Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсерін барынша азайту мақсатында дағдарысқа қарсы шаралардың келесі кезеңін іске асыруға кіріскен.
«Бірінші. Кеше сыртқы нарықтардағы жоғары белгісіздік аясында Ресей рублі құбылмалығының жоғарланған ықпалын алдын алу мақсатында Ұлттық Банк теңге – доллар валюта жұбы бойынша сауда-саттықты франкфурттық аукцион режимінде өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте, артық құбылмалықты болдырмау үшін Ресей Федерациясында толыққанды сауда-саттық тиісінше ашылып, Ресейдің Орталық Банкінің шаралары жария етілгенге дейін теңге – доллар жұбымен сауда-саттықты ашу кейінгі қалдырылды», - деді Ғалымжан Пірматов.