Ғалымжан Пірматов теңгенің айырбас бағамына қысым көрсететін факторларды атады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еркін өзгеретін бағам саясаты валюта нарығының жұмыс істеу тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғалымжан Пірматов теңгенің айырбас бағамына қысым көрсететін факторларды атады
«Осы жылғы қыркүйекте теңгенің долларға қатысты бағамы 1 долларға шаққанда 476,53 теңгеге дейін 0,9 пайызға әлсіреді. АҚШ Федералды резервтік жүйесінің ақша-кредит саясатын белсенді түрде күшейтуі, доллар бағамының жаһандық нығаюы, геосаяси қақтығыстардың шиеленісуі, дамушы нарықтардың валюталарына секілді теңгенің де айырбастау бағамына қысым көрсетуді жалғастырып келеді», - деді Ғалымжан Пірматов.

ҰБ төрағасының атап өтуінше, еркін өзгеретін бағам саясаты валюта нарығының жұмыс істеу тиімділігін арттыруға және халықаралық резервтерді сақтауға ықпал етеді.