Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатын сәтсіз бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионатында алғашқы ойынын Анголаға қарсы өткізді.

Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатын сәтсіз бастады
Фото: Халықаралық гандбол федерациясы

Ангола құрамасы осал қарсылас емес болатын. Африка құрлығында он бес мәрте чемпиондық атақты жеңіп алған олар 1996 жылдан бері Олимпиадаға тұрақты түрде қатысып келеді. Әзірге жоғары жетістігі ретінде 2016 жылы 8 орын алғандығы тіркеліп отыр.

Ал әлем чемпионатына 1990 жылдан бері тұрақты түрде бақ сынап келеді. Олар 2007 жылы жетінші орынға табан тіреген еді.

Кездесу барысында анголалық гандболшылар белсенді ойын көрсетті. Нәтижесінде отандастарымыз бірінші кезеңде қарсыласына 9:21 есебімен есе жіберді.

Екінші кезеңде де қазақстандық спортшылар жинақы қимыл көрсете алған жоқ. Африка құрлығынан келген гандболшылар басымдықты арттыра түсті.

Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласына 20:38 есебімен есе жіберді.

Дүбірлі додада барлығы 32 құрама сынға түседі. Отандастарымыз H тобында Норвегия, Оңтүстік Корея және Анголамен ойнайды.

Енді отандастарымыз 30 қарашада Норвегия, 1 желтоқсанда Оңтүстік Кореямен шеберлік байқасады.

Әлем чемпионаты 2025 жылдың 26 қараша және 14 желтоқсан аралығында өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар