Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатын жеңіспен бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласында әйелдер командалары арасында ХХІ Азия чемпионатының алғашқы күнгі ойындары аяқталды.

гандбол
Фото: qaz_team_official

Қазақстан құрамасы В тобында бастапқы кездесуін Аустралиямен өткізді.

Қазақстандықтар бірден ойын тізгінін қолына алып, бірінші таймда 18:8 есебі тіркелді. Олар екінші кезеңде де қарқынын жоғалтқан жоқ – 37:18.

Ұлттық құрама мүшесі Аида Жапарова матчтың үздік ойыншысы атанды.

Отандастарымыз 24 қараша күні Үндістанмен шеберлік байқасады.

Қазақстандықтар осыған дейін өз тарихында 2002 және 2010 жылдары Азия біріншілігінде екі рет үздік шыққан еді. Оған қоса 2021 және 2024 жылы қолаға қол жеткізген. Бұдан бөлек, Азия ойындарында 2002 және 2006 жылдары күміс, 2014 жылы қола еншілеген.

В тобында фаворит саналатын Оңтүстік Корея қыздары Өзбекстанды 43:11 есебімен ойсырата жеңді.

А тобында алтын жүлдеден басты үміткердің бірі – Жапония Таиландты тас-талқан етті – 42:6.

Ирандықтар Гонконгтан 33:16 есебімен басым түсті. Қытай бүгінгі ойынға қатысқан жоқ.

Азия чемпионатында жартылай финалға шыққан төрт үздік құрама 2027 жылы 30 қараша – 19 желтоқсан аралығында Мажарстанда өтетін ХХVІІІ әлем чемпионатына жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Азия ойындарында Вьетнамды жеңгенін жазған едік.