Гандболдан Қазақстан қыздар құрамасы Қызылордада дайындалуда

ЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Гандболдан еліміздің қыздар құрамасы қазіргі күні Қызылорда қаласында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр,

Гандболдан Қазақстан қыздар құрамасы Қызылордада дайындалуда

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтар айының аяқ шеніне таман еліміздің гандбол федерациясының кезекті мәжілісі болып өткен еді. Осы алқалы жиында қыздар арасындағы ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы тағайындалды. Бұл қызметке Қызылорданың «Сейхун»-ҚАМ-ҚМУ командасының тізгінін ұстаған Вячеслав Ким лайық деп танылды.

Жаңа басшы құраманың биылғы жылғы алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізуді қолға алды. Ақпан айының басынан ойын­шылар Қызылорда қаласына жиналды. Жиынға Алматыдан Наталья Кубрина, Елена Козлова, Алена Суязова, Шымкенттен Марина Пикалова, Катя Мишурина, Татьяна Чумакова, Павлодардан Александра Ефимова, Алматы облысынан Евгения Латкина сынды гандболшылар шақыру алды. Сонымен қатар, қызылордалық команда сапынан Ольга Егунова, Евгения Николаева, Жаннат Әйтенова, Әсем Батырбекова, Елена Голованова, Гауһар Қарамергенова, Гүлзира Ысқақоваларға сенім білдірілді. Бас жаттықтырушыға көмекші болып шымкенттік маман Вадим Быканов бекітілді.

Бас жаттықтырушы алдында үлкен міндеттер тұр. Алдағы жылы Жазғы Азия ойындары өтеді. Сонымен қатар, Бразилияда әлем чемпионаты болады. Біздің еліміздің құрамасы аталмыш жарыстарға қатысып, жоғары деңгейде ойнауға күш салуды алдына мақсат етіп отыр.