Ғани Сәдібеков ісі бойынша куәгер: Құжаттарға қол қоюға мәжбүр болдым
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр Сұлтанда бұрынғы энергетика вице-министрлері Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиевке қатысты сот процесі жалғасуда.
Сот отырысы барысында ҚР Энергетика министрлігі қалдықтарды басқару департаментінің бұрынғы сарапшысы Назгүл Әлімсурина куәгер ретінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Назгүл Әлімсурина Энергетика министрлігінде 2015 жылдан бері жұмыс істеген. Оның куәлік етуі бойынша, 2017 жылдың қаңтарында Энергетика министрлігінің департамент басшысы Ж.Нұрбековтың тапсырмасымен ол Щучье-Бурабай курорттық аймағында Қарасу көлін тазарту жобасын жүргізе бастаған.
«Мен 2017 жылдан бастап Қарасу көлін тазарту бойынша жобаны одан ары жүзеге асырумен айналыса бастадым. Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінімді толтырып, осы мәселе бойынша хат алмасу ісін жүргіздім. Бұл жоба маған тапсырылған кезде ақпан айында департамент директорымен Бурабайдағы Қарасу көліне су мен балшық сынамаларын алу үшін бардық», - деді Назгүл Әлімсурина Нұр-Сұлтан қалалық сотында.
Оның айтуынша, бұйрық бойынша жобаға Энергетика департаментінің директоры Ж.Нұрбеков жауапты, ал экс-вице-министр Ғани Сәдібеков бюджеттік бағдарламаның жетекшісі болған.
«Бізбен бірге «Аймақ және К» ЖШС мердігерлік ұйымының директоры Д.Дуанбек, бас мердігер К. Исмағамбетов, зертхана өкілдері болды. Төгінді шөгінділерін тексеру барысында тазарту жобасы бойынша жүргізілмеген деген қорытындыға келдік», - дейді куәгер.
Оның мәлімдеуінше, «Аймақ және К» ЖШС мердігерлік ұйымының директоры Д.Дуанбектің қатысуымен жүргізілген зерттеудң нәтижесінде 2014-2016 жылдар аралығындағы жұмыстың нашар орындалғаны, тұнба шөгінділері толығымен алынып тасталмағаны анықталған.
«Тиісінше, Қарасудан келгеннен кейін біз Ж.Нұрбеков екеуміз тазалық дұрыс жүргізілмеген әрі жұмыс аяқталмаған деген қорытындыға келдік. Біз жетекші вице-министр Ғани Сәдібековке жоба бойынша жұмыс дұрыс жүргізілмей жатқандығына қатысты пікір білдірдік», - деп түсіндірді куәгер.
Ол сонымен қатар 2017 жылдың наурыз-сәуір айларында мердігер төлем жасау үшін жұмыс актілерін ұсынғанын атап өтті.
«Осыдан кейін Нұрбеков Сәдібековке «Аймақ және К» ЖШС жасаған заңбұзушылықтар туралы хабарлап, аталған актілерге қол қоюдан бас тартты. Нұрбеков сонымен бірге жұмыс құнын 5 миллиардтан 7,5 миллиард теңгеге дейін көтеру өзгерісіне күмән білдірді», - деп қосты ол.
Сонымен қатар, Н.Әлімсурина 2017 жылдың наурыз айының ортасында Энергетика министрлігінің Қаржы департаменті Қарасу көлін тазарту мқсатында техникалық қадағалауды тарту үшін конкурс жариялағанын тілге тиек етті. Конкурстық комиссияның төрағасы Ғани Сәдібеков болған.
Конкурс барысында департамент директорының орынбасары С. Ақылбеков Әлімсуринаға Энергетика министрлігі басшылығының тапсырмасы бойынша «Стройинтеграция» ЖШС-ға артықшылық берілуі керектігін айтқан. «Стройинтеграция» ЖШС Энергетика министрлігімен техникалық қадағалау қызметін ұсыну туралы келісім жасасқаннан кейін Әлімсурина экс-вице-министрдің талабы бойынша орындалған жұмыстың жалған актілерін мақұлдаған.
«Департамент директоры екеуміз вице-министрге бұл құжатқа қол қоюдың қажеті жоқтығын айттық. Өйткені онда батиметриялық зерттеулер жүргізілмеген. Бірақ мен бұл жобаларға қол қоюдан бас тарттым. Өйткені мен жұмыстың дұрыс орындалғанына сенімді болған жоқпын. Тиісінше, мен директорыма бұл туралы айтып, актілерге қол қоюды қаламайтынымды айттым. Бірақ басшылық тарапынан біздің ол құжаттарға қол қоюымыз керектігі туралы нақты нұсқаулар болды. Жағдайдың ушыққаны соншалық, вице-министр менің қол қою актілерімді қабылдамай «егер мен актілерге қол қоймасам, өз еркімнен жұмыстан кетуіме болады» деді. Ол кезде менде амал болмады», - деді Н. Әлімсурина.
Еске сала кетейік, экс-вице-министр Ғани Сәдібеков қылмыстық іс материалдары бойынша конкурстық комиссияның төрағасы болып тұрып, «Стройинтеграция» ЖШС-ға басымдық бергені үшін айыпталуда.