Гаражда оталып тұрған көлік адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына көміртек тотығынан уланған әйел жеткізілді.
Емдеу мекемесінің мәліметінше, ол қозғалтқышы қосулы тұрған көліктің ішінде, жабық гаражда шамамен 20 минут отырған. Кейін газдың иісін сезіп, көліктің қозғалтқышын өшіргенімен, гараждан шықпай, салонда ұйықтап қалған.
Оянғаннан кейін әйел өзін жайсыз сезінген. Алайда дәрігерге тек келесі күні әлсіздік, жүрек айну, құсу, бас айналу және бас ауруы басылмаған соң ғана көрінген.
Тексеру барысында оның қанындағы карбоксигемоглобин деңгейі 13% болған. Бұл – әйелдің көміртек тотығымен уланғанын көрсетеді. Науқас аурухананың терапия бөліміне жатқызылды.
Қазір жағдайы жақсарғанымен, емдеу әлі жалғасып жатыр.
- Улы газ түссіз әрі иіссіз. Сондықтан адам оның ауада бар екенін байқамай, уланғанын тым кеш түсінуі мүмкін. Ол оттегінің ағзаға жеткізілуіне кедергі келтіреді. Соның салдарынан ми, жүрек және басқа да маңызды ағзалар оттегі тапшылығына ұшырайды, - дейді дәрігерлер.
Иіс тиіп, уланып қалудың алдын алу үшін, көліктің қозғалтқышын жабық гаражда қоспаған жөн. Мамандар, тіпті, қозғалтқышты гараждың есігін ашып қойып та қыздырудың денсаулыққа қауіпті екенін ескертеді. Сондай-ақ, көліктің жылыту құрылғыларының жарамдылығын тексеріп, желдету жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін қадағалап отыру маңызды.
Ал улану белгілері болған жағдайда, дереу таза ауаға шығып, 103 немесе 112 нөміріне хабарласу керек.
Бұған дейін автокөлікке арналған әйнек жуғыш сұйықтықты таңдаған кезде оның қауіпсіздігіне көз жеткізудің маңызын жазған едік.