Ғарыш аппараты сегіз жылдық сапардан кейін Меркурийге жетті

АСТАНА. KAZINFORM – BepiColombo ғарыш аппараты сегіз жылдық сапардан кейін Меркурий орбитасына шықты. Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) миссияның маңызды кезеңі сәтті аяқталғанын хабарлады. Бұл туралы Euronews жазды.

Меркурий
Фото: pexels.com

Аппарат 2018 жылы Француз Гвианасындағы ғарыш айлағынан ұшырылған. Жобаны Еуропалық ғарыш агенттігі мен Жапонияның аэроғарыштық зерттеулер агенттігі (JAXA) бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Миссия ғалымдарға Күнге ең жақын әрі Күн жүйесіндегі ең кішкентай ғаламшар – Меркурийді егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік береді. Оның беткі қабатындағы температура күндіз +430 градусқа дейін жетсе, түнде –180 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

ESA мәліметінше, аппарат Жермен байланыс орнатып, мамандар оның орбитаға сәтті шыққанын растаған.

Желтоқсан айында еуропалық және жапондық зерттеу модульдерін бір-бірінен ажырату жоспарланып отыр. Ғылыми бағдарлама 2027 жылғы сәуірде басталуы тиіс.

Ғалымдар алынған мәліметтер Меркурийдің құрылымдық ерекшеліктерін ашуға және Күн жүйесінің қалыптасу тарихын тереңірек түсінуге көмектеседі деп үміттенеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Еуропа ғарыштағы қоқысты жинайтын аппарат ұшыратынын жазған едік.

Сондай-ақ NASA жұлдыздардың қалыптасуы туралы тың фото жариялағаны хабарланды.