Ғарыш әскери бәсекенің тікелей алаңына айналды — Ұлыбритания ӘӘК басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания ғарыштағы спутниктерін түрлі қауіптен қорғауға арналған алғашқы мамандандырылған бөлімшесін құрды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Лондондағы меншікті тілшісі.

Ғарыш әскери бәсекенің тікелей алаңына айналды — Ұлыбритания ӘӘК басшысы
Фото: gov.uk

Сәрсенбі күні Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі елдің Әскери-әуе күштері құрамында ғарыш операцияларына жауап беретін 3-эскадрилья құрылатынын хабарлады.

Әскери қызметшілер британдық әскери спутниктердің қалыпты жұмысына кедергі келтіретін әрекеттерге тосқауыл қояды. Негізгі назар кемелердің навигациясын, мобильді байланысты және зымыран ұшыру туралы ескерту жүйелерін қамтамасыз ететін спутниктерді қорғауға бағытталады.

Осы мақсатта әскери қызметшілер заманауи радиоэлектрондық күрес құралдарымен жабдықталады. Бұл құралдар нысанды жоймай-ақ, сигналдарды басып, қарсы тараптың электрондық жүйелерінің жұмысына кедергі келтіреді.

Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаңа эскадрилья қорғаныс және шабуылдау сипатындағы ғарыш операцияларына қатысады. Алайда Лондон шабуылға қатысты нақты міндеттерін әзірге жариялаған жоқ.

Жаңа құрылымның пайда болуын спутниктік технологиялардың ел өміріндегі маңызының артуымен байланыстырады. Бүгінде олар мобильді байланыс, навигация және ауа райын болжау сияқты маңызды салалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Төтенше жағдай кезінде орбиталық жүйелер полицияға, өрт сөндіру және жедел жәрдем қызметтеріне де қолдау көрсетеді.

— Ұлыбритания жаңа ғарыштық бәсекеге ілесе білуі керек. XIX ғасырда теңіздегі үстемдік елдің қорғанысын қамтамасыз етудің негізгі тетігі болды. Сондықтан Ұлыбритания тарихтағы ең қуатты әскери-теңіз күштерінің бірін қалыптастырды. XX ғасырда басты мәселе әуе кеңістігін бақылауға ауысты. Сол себепті ел өзін қорғау үшін әлемдегі жетекші әскери-әуе күштерінің бірін құрды. Ал бұл ғасырдың тағдыры ғарыш кеңістігін бақылауға байланысты болады, — деді Ұлыбритания Қорғаныс министрі Уэс Стритинг.

Оның айтуынша, спутниктердің маңызы артқан сайын, оларға төнетін қауіп те күшейіп келеді. Мұндай қатердің ауқымы кеңейіп, ғарыштағы бәсекелестік Жердегі геосаяси текетіресті айқын көрсетіп отыр.

Ұлыбритания Әскери-әуе күштері штабының басшысы Харв Смит ғарышты әскери бәсекенің дербес бағыты деп атады.

— Ғарыш енді әскери операцияларды қолдайтын қосалқы құрал емес. Бұл — әскери басымдық үшін тікелей бәсеке жүретін жаңа бағыт, — деді ол.

Жаңа эскадрилья Ұлыбритания Әскери-әуе күштерінің ғарыш бағытына жауап беретін үшінші бөлімшесі болады. Бұған дейін құрылған екі эскадрилья қауіп-қатерді бақылап, ескертуге жауап берсе, жаңа бөлімше мұндай қатерлерге тікелей қарсы әрекет етеді.

Британ билігі ғарыш кеңістігін бейбіт әрі тұрақты пайдалануды қолдайтынын мәлімдеді. Лондон орбитадағы спутниктерді жойып, ғарыш нысандарының қауіпсіздігіне қатер төндіретін спутникке қарсы зымырандардың сынақтарын өткізбейтінін ресми түрде жариялады.

Ұлыбритания БҰҰ-ның Ғарышты бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комитеті аясындағы жұмысын жалғастырып, ғарыш кеңістігінде жауапты әрекет ету нормалары мен қағидаттарының сақталуын қолдайды.

Сонымен қатар Лондон бұл бағытқа бөлінетін қаржыны арттырып отыр. Үкімет 2030 жылға дейін ғарыштық барлау, бақылау, ақпарат жинау және ғарыш кеңістігін бақылау шараларына 880 млн фунт стерлинг бөлуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін Қытай ғарышқа спутниктердің жаңа тобын ұшырғанын хабарлаған едік.