Ғарышкер Айдын Айымбетов «Бәйтерек» қазақ-орыс бірлескен кәсіпорнын басқарады

Айдын Аимбетов
Фото: «Бәйтерек» БК» АҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Ғарышқа ұшқан соң Қазғарыш жүйесінде жұмыс істей бастаған қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовке жаңа міндет жүктелді. 

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ұлттық ғарыш орталығында өткен РҒБО-ның 20 жылдығына арналған салтанатты жиында мәлімдеді. 

Айдын Айымбетов 2024 жылғы 1 наурызда «Бәйтерек» бірлескен Қазақстан-Ресей кәсіпорны» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен «Бәйтерек» БК» АҚ басқарма төрағасы болып сайланды.

«Айдын Ақанұлын қызметке тағайындалуымен құттықтағым келеді. Сіз ғарыш индустриясы үшін және жалпы салаға көп еңбек сіңірдіңіз. Сіз тоғыз жылға жуық еңбек етіп келе жатқан „Қазақстан ғарыш сапарының“ бүкіл ұжымына жаңалықтары үшін алғыс айтқым келеді. Бұл — жерді қашықтықтан зондтауды қолдау ғана емес, сонымен қатар цифрландыру мен ғарыштық технологияларды біріктірудің нәтижесі саналатын бірнеше цифрлық платформа. Мен ел экономикасына нақты қолдау көрсететін „ЖерИнспектор“, „Минералс.кз“ және т.б ғарыш мониторингі жобаларын айтып отырмын», — деді министр өз сөзінде.

Айдын Аимбетов
Фото: «Бәйтерек» БК» АҚ

Б.Мусин сондай-ақ «Бәйтерек» бірлескен жобасын жүзеге асырудан үлкен үміт күтетінін айтты. 

«Сіздің жұмыс тәжірибеңізді ескере отырып, екі жыл ішінде Сіздің басшылығыңызбен бұл жұмысты аяқтап, қазақстандық „Бәйтерек“ зымырантасығыш кешенінен алғашқы ұшырылымды тойлаймыз деп үміттенеміз», — деп түйіндеді министр. 

А.Айымбетов ғарышқа ұшқаннан кейін үш ай өткен соң, 2016 жылдың 5 қаңтарында «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ ғарыш жүйелерін құру және пайдалану жөніндегі вице-президенті қызметіне кірісті.  

2021 жылдың 13 қыркүйегінен бастап «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болды.

Соңғы жаңалықтар