Ғарышкер Айдын Айымбетов Қарағандыдағы мектеп оқушыларымен кездесті
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағандыда қазақстандық ұшқыш, ғарышкер Айдын Айымбетов мектеп оқушыларымен кездесті. Батырға құрмет көрсету Ғарышкерлер күніне және оның ғарышқа ұшуының 10 жылдығына орайластырылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қарағандыдағы бірнеше мектептің оқушылары № 2 Оқушылар сарайына жиналды. Сарай кіреберісінде облыс орталығының және серіктес қалалардың көркемөнер мектептері оқушылары еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылды. Туындылардың тақырыбы ғарышпен байланысты болды.
— Ғарышкерлік тақырыбы көркемөнер мектептерінің білім беру бағдарламасына енгізілген. Ол балаларды ерекше баурайды. Мен өзім үшін дипломдық жұмыстар аясында бізге ғарыш тақырыбын көбірек жариялау керек деген ой түйдім. Біздің қоғам үшін бұл өте қызықты және өзекті. Бұл тақырып өзектілігін жоғалтпайды, - дейді № 1 балалар көркемсурет мектебінің директоры Гүлмира Калышева.

Ғарыш және онымен байланысты барлық нәрсе балаларды қатты қызықтыратынын Оқушылар сарайына жиналған балалар санынан көруге болады. Ғарышкер Айдын Айымбетовпен кездесуге жүздеген оқушы келді. Ғарышты бағындырған қазақ батыры ғарышкер мамандығы балалар арасында әлі күнге дейін өзекті болып қала беретінін мойындайды.
— Көптеген бала мен оқушы ғарышты армандайды. Астанада «Жас ғарышкерлер мектебін» ашқан кезде алғашында 30 баладан және бір топтан басталып, 500 оқушыға дейін жетті. Мектепке келемін деушілер саны сонша, тіпті орын жетіспей қалып, конкурс жариялауға тура келді. Сондықтан бұл мамандыққа сүйіспеншілік әлі де жоғары деуге болады, - дейді ғарышкер.

Сондай-ақ Айдын Айымбетов Қарағанды қаласындағы № 6 мектепте ғарышкерлікке арналған мұражайды аралады.
Айта кету керек, Қазақстан ғарышының ерекше бұрышы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Мағрипа Кәрібекованың ұйытқы болуымен құрылған. Бұған білікті мұғалім 33 жыл өмірін арнаған. Осы жылдар аралығында ол мектеп оқушыларын ғана емес, тарихшыларды да таңғалдыратын экспонаттар жинады.
— Бұл мұражайдан ғарышкерліктің теориялық мәселелерін әзірлеген ғалым Константин Циолковскийдің еңбек жолынан бастап Қазғарыштың бүгінгі күніне дейінгі ғарыш туралы материалдарды көруге болады. Мен бұл мұражайға 1992 жылдан бастап экспонаттар мен мәліметтер жинай бастадым. Көптеген көрме өткіздік. Тіпті шалғайдағы ауылдарға да көшпелі көрмелермен барып, ауыл балаларын ғарыштың ғажайып әлемімен таныстырдық, - дейді мұражайдың негізін қалаушы Мағрипа Кәрібекова.

Еске сала кетейік, бұған дейін қарағандылық суретші Кәріпбек Күйіковтің картиналары Нью-Йорк көрермендерін тәнті еткенін жазған едік.