Ғарышкер деп ат қойдым: Димаш Құдайберген Президент сыйлаған тазысын көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM — Әнші, қазақ халқының мақтанышы Димаш Құдайберген қазақ тазысы күніне орай бірегей кадрлар жариялады.
— Бүгін — қазақ тазысы күні. Сіздермен бірегей кадрлармен бөліскім келеді. Бірінші суретте менің қасымда Мемлекет басшысының Нэнси және Наурыз атты тазылары. Ал екінші суретте — бәріміз жақсы көретін тұлпар Ақжанның әкесімен бірге түскен сәтім. Мемлекет басшысының тұлпарымен серуендеп қайту мен үшін үлкен мәртебе болды, — деп жазды ол.
Ол өзінің тазысына қатысты ерекше оқиғасы барын айтып, оны Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлағанын жазды.
— Мен оған Ғарышкер деп ат қойдым, — деп жазды әнші.
Димаш Құдайберген осы бірегей кадрлар үшін Президент Телерадиокешеніне алғыс білдірді.
Айта кетейік, бүгін елімізде Қазақ тазысы мен төбеті күні алғаш рет аталып өтіп жатыр.
Ғасырлардан жеткен тұқымның төл болмысын сақтап, дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын Kazinform тілшісінің талдау мақаласынан оқыңыз.