Ғарыштағы қоқыс жаһандық экономикаға қатер төндіруі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания ғарыш агенттігінің атқарушы директоры Пол Бейт орбитадағы бейберекетсіздік GPS, спутниктік интернет және қаржы транзакциялары тұрақтылығына қауіп төндіретіндігін айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ғарыш қоқысы
Фото: DALL-E

Ғарыштық технология және экономика

Британдық «Чатем Хаус» талдау орталығында өткен «Ғарыштық қауіпсіздік» конференциясы барысында сарапшылар ғарышта қоқыстардың тез көбеюі спутниктерге ғана емес, сонымен бірге жаһандық экономикаға да қауіп төндіретіндігін алға тартып отыр.

 ғарыш қоқысы
Фото: видеодан скриншот

- Ғарыш инфрақұрылымы экономикамыздың және болашақ экономикалық өсімнің негізі саналады. Мұның бәрі спутниктік технологияларға байланысты: телекоммуникациядан бастап навигацияға және трансшекаралық қаржылық операцияларға дейін, - деп түсіндіреді Ұлыбритания ғарыш агенттігінің атқарушы директоры Пол Бейт ғарыштық қауіпсіздіктің маңыздылығын түсіндіре келе.

Оның айтуынша, климаттың негізгі ауыспалы өзгерістерінің 60 пайыздан астамы ғарыштан біршама жақсы өлшенеді. Ал ғарыштық технологиялар Ұлыбритания жалпы ішкі өнімінің шамамен 16 пайызын қамтамасыз етіп отыр. McKinsey консалтингтік компаниясының болжамынша, 2035 жылға қарай әлемдік ғарыш секторы үш есеге өсіп, жылына 2,3 трлн долларға жетеді.

Алайда, ғарыштық инфрақұрылымның дамуымен қатар, орбитада қоқыстардың жиналуына байланысты қауіп арта түсуде. Бұл ауыр зардаптарға әкелуі ықтимал.

Ғарыштағы қоқыс қатері

- 30 жыл бұрын орбитада 500-ге жуық спутник болған. Ал бүгінде олардың саны 10 мыңға жетіп отыр. Сондай-ақ оған ғарыш қоқыстарының миллиондаған бөлшектерін қосыңыз, - деді Пол Бейт.

Ол ғарыш кеңістігіндегі билік енді үкіметтерге ғана тиесілі емес екенін атап өтті - бұл қазір жеке компаниялар мен жаңа ойыншылар қызметінің алаңы.

АҚШ Ғарыш күштерінің аға кеңесшісі Рон Лерч спутниктер санының күрт артқанын, бұл орбиталардың шамадан тыс жүктелуіне ғана емес, сонымен бірге соқтығысу қаупінің жоғарылауына әкелетіндігін атап өтеді.

ғарыш қоқысы
Фото: видеодан скриншот

- 2019 жылдан бастап ғарыш аппараттарының саны 400 пайызға өсті. Ал Қытай өзінің орбиталық флотын 2010 жылғы 40 спутниктен 2025 жылы шамампен бір мыңға дейін арта түсті, - деді ол.

Еуропалық ғарыш агенттігінің мәліметінше, бүгінде Жер орбитасында секундына 15 шақырым жылдамдықпен қозғалатын 130 миллионнан астам қоқыс қалдығы бар. Көлемі небәрі бірнеше миллиметр болатын кішкене қоқыстың өзі спутниктің немесе ғарыш станциясының корпусын тесуге қабілетті.

Әлемдік экономикаға тигізер салдары

Ғарыштағы қоқыс мәселесі әлемдік экономиканың негізгі аспектілеріне, оның ішінде навигациялық жүйелердің дәлдігіне, спутниктік интернеттің тұрақтылығына және қаржылық транзакциялардың қауіпсіздігіне әсер етеді. Мәселен, орналасқан орнын анықтаудың жаһандық жүйесін жеті күнге өшіру Ұлыбритания экономикасына күн сайын шамамен 10 млрд доллар шығын әкеледі. Жаһандық ауқымда бұл негізгі салалардың елеулі қаржылық шығындары мен сәтсіздіктеріне әкелуі ықтимал.

Британдық сарапшылар дәл қазіргі сәтте бүкіл әлем бойынша 43 миллион адам спутниктік интернетке арқа сүйейтіндігін, ал 2029 жылға қарай олардың саны 110 миллион адамға дейін артуы мүмкін екендігін алға тартады. Спутниктік байланысқа қолжетімділік әсіресе баламалы байланыс әдістері шектеулі шалғай аймақтар үшін айрықша маңызға ие.

Спутниктік жүйелер сонымен қатар климаттың өзгеруін мониторингілеуде, мұздықтардың еруін, теңіз деңгейін және табиғи апаттарды талдауда маңызды рөл атқарады. Бұл деректердің жоғалуы жаһандық экологиялық мәселелермен күресуді күрделендіре түседі.

Кесслер әсері немесе проблеманы шешу жолдары

Сарапшылар ғарыш қоқысы Кесслер әсеріне - соқтығысудың тізбекті реакциясына әкелуі мүмкін. Онда қоқыстар жаңа фрагменттерді тудырып, бұл орбита кеңістігін одан әрі пайдалануға жарамсыз етеді. Халықаралық ғарыш станциясы соқтығысуды болдырмау үшін бірнеше рет жалтаруына тура келген болатын. Ғарыш туризмнің дамуымен ғарышкерлер және жолаушылар үшін қауіптер артады.

Мәселені шешу үшін орбитаны тазалау технологиялары жасалып жатыр. Еуропалық ғарыш агенттігі 2028 жылға қарай Жерге тақау орбитадан ірі нысандарды жою үшін ClearSpace-1 миссиясын іске асыруды жоспарлап отыр. Алайда, мұндай шаралар тек салдарымен күреседі, бірақ себептерін жоя алмайтындығы анық.

Сондықтан Еуропалық ғарыш агенттігі 2050 жылға қарай «айналмалы ғарыштық экономика» моделін — орбитаның өзінде қоқыстарды қайта өңдеуді ұсынады. Жапондық LignoSat ағаш спутнигі сияқты жаңа спутниктік технологиялар Ай мен Марсты зерттеуде биоматериалдарды пайдалану перспективаларын көрсетіп отыр. Олар соқтығысқан кезде оңай ыдырайды және атмосферада жанып кетеді.

Бұған дейін қарағандылық оқушы ғарыш қоқысын жинау жүйесін ұсынғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар