Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ғарыштан төтенше жағдайларды болжауға дейін: Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы кеңейіп келеді

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ инженерлері Қытайда халықаралық білім беру бағдарламасынан өтіп, климат мониторингі мен төтенше жағдайлардың алдын алудың спутниктік технологияларын меңгерді, деп хабарлайды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы кеңейіп келеді
Фото: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Ғарыш жүйелері департаментінің инженерлері Дмитрий Чумаченко мен Гүлнар Бисеналина басқа елдердің өкілдерімен бірге арнайы оқудан өтті. Бағдарлама барысында қазақстандық мамандар климаттың өзгеруін мониторингтеу, төтенше жағдайлардың алдын алу, спутниктік деректер мен метеорологиялық технологияларды қолдану бағыттарын үйренді.

Оқыту барысында олар Қытайдың FengYun сериялы метеорологиялық спутниктерін және MAZU зияткерлік ерте ескерту жүйесін қолдану тәжірибесімен танысты. Оқу бағдарламасына дәрістер, практикалық сабақтар, техникалық сессиялар және бейінді ұйымдарға өндірістік сапарлар кірді.

Қатысушылардың айтуынша, бағдарламаның басты нәтижесі жаңа технологияларды іс жүзінде қолдану жолдарын түсіну болды. Спутниктік мониторинг табиғи ресурстар мен ауыл шаруашылығы жерлерін бақылауда, қауіпті құбылыстарды болжауда маңызды рөл атқарады.

Аумағы кең Қазақстан үшін Жерді қашықтан зондтау деректерімен жұмыс істейтін сарапшыларды даярлау стратегиялық мәнге ие. Бұл тек жерүсті инфрақұрылымына тәуелді болмай, ауқымды аймақтар бойынша жедел деректер алуға мүмкіндік береді.

Бұл ынтымақтастық 2026 жылғы шілдеде Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына жасаған сапары аясында жүзеге асып жатыр. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ғарыш технологиялары, цифрландыру, жасанды интеллект және экологиялық мониторинг бағыттарында бірлескен жұмысты күшейтуге уағдаласады.

Қазақстан ғалымдары қазақ тілінде мәтін, сурет және аудионы түсінетін ЖИ моделін әзірледі.

Сондай-ақ елімізде гуманоид роботтар жасауға арналған жаңа технологиялық жоба іске қосылады.