«Гарри Поттер» саундтрегі ғалымдарға мидың сөз бен музыканы қалай ажырататынын анықтауға көмектесті
АСТАНА. KAZINFORM — «Гарри Поттер» фильмінің саундтрегі ғалымдарға мидың сөз бен музыканы қалай ажырататынын анықтауға көмектесті. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, сөзді тануда дыбыстың жылдам өзгеруі шешуші рөл атқарса, музыканы қабылдауда оның жиілік сипаттамалары маңызды.
Ғылыми жұмыс 18 қарашада Science Advances журналында жарияланды.
Макгилл университеті жанындағы Монреаль неврологиялық институтының қызметкері Жереми Гинзбург Канаданың Лаваль университеті мен Францияның Экс-Марсель университетіндегі әріптестерімен бірлесіп, «Гарри Поттер және философ тасы» фильмінің француз тіліндегі нұсқасынан сегіз минутқа жуық аудиоүзіндіні пайдаланған.
Бұл үзінді ғалымдарға адам күнделікті өмірде жиі кездесетін жағдайды — қатар естілетін сөз бен музыканы мидың қалай өңдейтінін зерттеуге мүмкіндік берді.
Экспериментке эпилепсиямен ауыратын 11 пациент қатысты. Олар аудиожазбаны тыңдап отырған кезде, зерттеушілер бұрын медициналық көрсеткіштер бойынша орнатылған электродтардың көмегімен олардың ми белсенділігін тіркеп отырды.
Ал тағы 19 ересек қатысушы дәл сол үзіндіні тыңдап, сөзді, музыканы немесе екі дыбыстық элементті қатар естіген сәттерінде арнайы батырмаларды басып белгілеген. Осылайша ғалымдар екі түрлі деректер жиынтығын алды: бірі мидың дыбыс жолына реакциясын көрсетсе, екіншісі тыңдаушылардың өз қабылдауын бейнеледі.
Зерттеушілер мидың екі жарты шарынан аудиоүзіндінің дыбысталуына қарай белсенділігі өзгеретін 39 аймақты анықтады. Алынған сигналдар негізінде олар дыбыстың кейбір сипаттамаларын қалпына келтіріп, бұл деректер тыңдаушылардың қабылдауын қаншалықты дәл болжай алатынын тексерді.
Модельдердің сөзді тану дәлдігі — 54-60%, ал музыканы тану дәлдігі 54-71% болды. Салыстыру үшін айтсақ, кездейсоқ сәйкестік деңгейі 50%-ды құраған.
Тікелей аудиожазбаның өзін талдау кезінде бұл көрсеткіштер әлдеқайда жоғары болды: сөз үшін — 97-99%, музыка үшін — 99-100%.
Ғалымдар өз модельдерін сөз бен орган музыкасы үйлескен тағы бір жазбада сынап көрді. Бұл аудиоүзіндіні зерттеушілер өздері дайындағандықтан, әрбір дыбыстық элементтің қашан басталып, қашан аяқталатынын нақты білген. Бұл жағдайда да модельдер сөз бен музыканы тануда жоғары дәлдік көрсетті.
Ми белсенділігінің жазбалары ми толқындарының әртүрлі типтері дыбыс сипаттамаларына түрліше жауап беретінін көрсетті. Жылдам гамма-толқындар дыбыстың уақыт өте келе өзгеруін қадағаласа, баяуырақ альфа-толқындар оның жиілік ерекшеліктеріне реакция білдірген.
Дыбыстық ақпаратты өңдеуге мидың екі жарты шары да қатысты. Дегенмен сол жақ жарты шар сөз белгілеріне, ал оң жақ жарты шар музыкалық сигналдарға көбірек жауап берген.
Зерттеу авторлары сөз бен музыканы ажырату үшін мидың есту қыртысындағы дыбысты өңдеу ерекшеліктерінің өзі жеткілікті деген қорытындыға келді. Сонымен қатар естілген ақпаратты тануға мидың басқа да бөліктері қатысуы мүмкін.
Материалдың ағылшын тіліндегі түпнұсқасын мына жерден оқи аласыз.