Гарвард студенттерге қойылатын «үздік» бағаларды шектейді

АСТАНА. KAZINFORM — Harvard University Өнер және ғылым факультеті бакалавриат студенттеріне қойылатын «үздік» бағалардың санын қысқартатынын мәлімдеді. Бұл туралы агенттіктің Вашингтондағы меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап хабарлады.

Гарвард пересмотрит систему оценок
Фото: interstride.com

Университет мұндай шешімді жоғары бағалардың шамадан тыс көбейіп кетуіне байланысты қабылдаған.

Оқытушылардың пікірінше, қазіргі жүйе студенттердің ерекше жетістіктерін нақты бағалауға мүмкіндік бермей отыр.

Бастаманы қолдаған профессорлар ұсынған университет деректеріне сәйкес, соңғы жылдары студенттер алған бағалардың 60 пайыздан астамы «үздік» болған.

Ұсынысты әзірлеген факультет жанындағы кіші комитет құрамында болған Гарвард университетінің психология профессоры Joshua Greene бұл өзгеріс студенттерге тәуекелден қорықпай білім алуға мүмкіндік беретінін айтты.

-Егер ең жоғары бағалар сирек қойылатын болса, студенттер мінсіз үлгерімді сақтауға емес, білім алуға көбірек көңіл бөледі, — деді ол.

Реформа авторларының айтуынша, жаңа жүйе «Гарвардтағы үздік баға студенттің нақты жетістігін көрсететін көрсеткішке айналуына» жол ашады. Бұл өзгеріс жұмыс берушілер мен магистратура бағдарламалары үшін де маңызды болады.

Университет жаңа саясатты 2027 оқу жылынан бастап енгізуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бағаларды шамадан тыс көтеру мәселесіне тап болған жалғыз элиталық оқу орны Гарвард емес. Princeton University 2004 жылы «үздік» бағаларды жалпы үлестің 35 пайызымен шектеу туралы шешім қабылдаған. Алайда оқу орны он жылдан кейін бұл жүйеден бас тартты. Себебі сыншылар мұндай тәсіл студенттердің жұмысқа орналасуы мен магистратураға түсу мүмкіндігіне кері әсер ететінін айтқан.

Осыған дейін қазақстандық ғалымдар Гарвард университетінде қолжазбалармен жұмыс істеу әдістерін зерттегені туралы жаздық.