Гарвард университетіне 35 жыл бұрын ұрланған 18 ғасырдың заты қайтарылды
АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Американың Гарвард университетіне сейсенбі күні 18 ғасырда шығарылған Қытайдың нефритті хош иісті түтін шығаратын аспабы қайтарылды.
1942 жылы бизнесмен және коллекция жинаушы Эрнест Дейн бұл затты Гарвардтың ескі мұражайы - Кембридж қаласында орналасқан Фогганың бейнелеу өнері мұражайына сыйға тартқан. 1979 жылы музей шағын көрме ұйымдастырған кезде бағалы өнер туындысы қолды болған.
Мұражай қызметкерлері полицияға хабар берген, алайда ол аспап үш онжылдықтан кейін барып қана табылды. 2009 жылы белгісіз біреу оны Гонконгтағы «Сотбис» бәссауда үйіне әкелген. Алайда меншікті заты екенін дәлелдейтін ешқандай құжаттарын көрсетпеген.
Биіктігі 16,5 см болатын хош иісті түтін шығаратын құрал соңғы император Цин әулеті Қытай елін басқарған 1644-1911 жылдар аралығында дайындалған.