Ғарыш инфрақұрылымын пайдаланудың құқықтық тетіктері қамтамасыз етіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақты дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғарыш қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Ғарыш инфрақұрылымын пайдаланудың құқықтық тетіктері қамтамасыз етіледі

Заң жобасы арқылы ғарыш инфрақұрылымын пайдалану, ғарыш қызметі мен технологияларын жүзеге асыру тиімділігінің құқықтық тетіктерін құруға бағытталады. Осыған байланысты Жер, Су, Экология және Орман кодекстеріне және қолданыстағы бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, заң жобасы арқылы жер бетіне, ормандарға, су нысандарына мемлекеттік мониторинг жүргізу бойынша Жерді қашықтықтан зондтау мәліметтерін пайдалану мүмкіндіктері қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, мұндай мәліметтер төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында да қамтылады.

Бұдан бөлек, ұсынылып отырған нормалар бойынша есірткі заттары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымымен күресті ұйымдастыру үшін мемлекеттік спутниктік геодезия желісін пайдалану көзделіп отыр.

Сонымен қатар, «Ғарыш қызметі туралы» қолданыстағы заңға «Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің ұлттық операторы», «Ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторы» ұғымдарын құқықтық негіздеуге бағытталған жаңа бөлім енгізілмек. Заң жобасы палатаның алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылады.