«Ғарыш қызметі туралы» заң қабылданды - Парламент
АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Ғарыш қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды.
Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Аталған құжат бойынша ғарыш қызметін жүзеге асырудың қағидаттары, ғарыш қызметін ұйымдастырудың, жүзеге асырудың және дамытудың негізгі бағыттары айқындалады. Сонымен қатар, құжатта ғарыш қызметі саласын мемлекеттік реттеу және бақылау мақсатында ҚР Үкіметі мен ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органның құзыреті белгіленеді. Ғарыш нысандарын және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеудің тәртібі айқындалады. Бұл ретте ғарыш қызметін жүзеге асыру үшін заң арқылы ғарыш қызметі саласындағы қызметті лицензиялау, ғарыш қызметі саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізу, ғарыш жүйелері мен ғарыш зымыран кешендерін жасау және пайдалану көзделеді. Бұдан бөлек, ғарыш қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі құқықтық нормаларды жүйелеу көзделеді, ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің құқықтық жағдайы және оларды әлеуметтік қамсыздандыру шаралары қамтылады.
Жиын барысында құжат туралы баяндаған ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев ғарыш қызметінің стратегиялық даму бағыттары Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілгенін атап өтті. Онда ғарыш саласына қатысты елдің Индустрияландыру картасына енген төрт ірі жобаны орындау көзделеді. «Біріншісі - «ҚазСат» байланыс және ақпарат тарату жүйесін құру, екіншісі - жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін құру, үшіншіден - «Байқоңыр» ғарыш айлағында Бәйтерек ғарыш-зымыран кешінін құру, төртіншіден - ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру. Бұл жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін ғарыш қызметін ғылыми және ғылыми-технологиялық базасын дамытудың маңызы зор. Бұдан бөлек, кадр әлеуетін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты арттыру, ғарыш саласының тиісті келісімді-құқықтық және нормативтік техникалық базасын жасау көзделеді», - деді Т. Мұсабаев.