«Ғарышқа қазақтың да бар таласы» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Ақпанның 4-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 4-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ғарышқа қазақтың да бар таласы» - республикалық басылымдарға шолу

***

Қазақстанда ішкі жалпы өнім деңгейінің артуы 1,1 пайызды құрады. Бұл біз қаржы дағдарысын еңсеріп келеміз деген сөз бе, әлде әлемнің өзге елдеріндегі сияқты PR-қадам ба? Дағдарыстың жаңа толқыны қаупін төндіріп тұрған Исландия еліндегі ахуал шынымен де мүшкіл халге жетсе, мұның еліміз экономикасына әсері қандай болмақ? Бұрын-соңды отандық бұқаралық ақпарат құралдарында айтылмаған экономикалық болжамдардың бір парасын «Алаш айнасы» газетінің «Дат» айдарындағы техника ғылымының кандидаты, Орталық Азия экономикалық стратегиялар институтының кеңесшісі Бақыт Қайрақбаймен болған сұхбаттан біле аласыздар. Екеуара әңгіме «Әлсіздер арасында мықты болғанша, мықтылар арасында әлжуаз болған жөн» деген тақырыппен басылған.

Ал осы басылымның бас мақаласында отандық ғарыш саласының жоспарларына көре алмаушылықпен қарап отырған Ресей державасының суық мәлімдемелері сынға алынады. Соның бірі - РФ Мемлекеттік думасының депутаты Михаил Ненашевтің жуырдағы айтқаны. Сапасы сын көтермеген «ҚазСат» жерсерігінің құнын төлеу жайын сөз етудің орнына депутат пен оның артында тұрған орыс күңкілшілдері Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасы Талғат Мұсабаевты бізбен ынтымақтаспай келеді деп сөкті. Бұл мәлімдемелер нені көксейді? «Ғарышқа қазақтың да бар таласы» атты мақалада басылым тілшісі түрлі түйткілдерді қозғайды.

Кинодраматург, журналист Төлеухан Кенжебаев 80 жаста. Осы мерейтойға арналған сұхбатта еліміздің кеңес дәуіріндегі басшысы, ұлтжанды мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың замандасы сол кезеңдегі еңбек жолының қызықты сәттері туралы баян етеді. 1957 жылы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің VII фестивалінде репортер аппаратына Димекеңнің сөзін жазып алып, кейін «ежелгі» деген сөздің қайта-қайта «әжәлгі» деп дыбысталғаны үшін оны басшының өзіне қайта айтқызып, монтаждауға тура келгенін ақсақал күліп есіне алады. Танымал тұлғаның өмірі қызықтырса, «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Журналистика мен киноның Телқоңыры» атты мақалаға назар аударыңыз.

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында еліміздің шығармашылық интеллигенция өкілдерімен кездесті. Бұл - Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жариялағаннан кейінгі алғашқы кездесуі. Кездесу кезінде Елбасы еліміздің зиялы қауымы алдында сөз сөйледі. Осыған орай «Айқын» газетінде жарық көрген мақалада Елбасының «Құрметті мәдениет қайраткерлері! Біздің тәуелсіздігіміздің тарихында оңай кезеңдер болған емес. Бәрін жаңадан бастауға тура келді. Осы жылдар ішінде көп іс тындырдық. Бүгінде мемлекет алдында, халық алдында қыруар міндеттер тұр. Бұл - ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті. Әлем бір орнында тұрмайды. Тіпті, өзіміз қол жеткізген ұстанымдарды ұстап тұрғымыз келсе де, үнемі алға қарай қозғалуымыз қажет. Біз алдымызға әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына кіру міндетін қойдық. Сондықтан осындай саяси мақсаттарды шешу кезінде қоғамдық келісім мен тұрақтылықтан өзге ешқандай жол жоқ. Бұл біздің тарих алдындағы, халық алдындағы, Қазақстанның болашағы алдындағы ортақ жауапкершілігіміз», деген сөзі келтірілген.

Мемлекет басшысының шығармашылық интелегенциясымен кездесуі барысына арналған материалдар «Алаш айнасы», «Литер» басылымдарында да жарияланған.

«Бүгінгі таңда өршіп тұрған мәселенің бірі - туған тілімізге қатысты. Бұл тұрғыда ең бірінші кезекте қазақ тілінің қолданлуын ІТ-технологияларда пайдалануды дұрыс арнаға салу керек. Ақпараттық қоғам құрмақшы боп бөркімізді көкке лақтырып жатырмыз, бірақ сол қоғамның мемлекеттік тілі деп танылған қазақ тілінде ақпаратты алу немесе енгізу кей кездері инемен құдық қазғандай қиын болып кетерін қайтерсіз», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның жазуынша, осы ақпараттық технологиялардағы қазақ тілінің мәселесін шешудің бір ғана жолы - ол латын қарпіне көшу. Басылым бетінде көтерілген жайттың егжей-тегжейін бүгінгі нөмірінен біле аласыздар.

«Айқын» газетінің жазуынша, ақпанның 4-6 күндері Астанаға Норвегия Корольдігінгің ханзадасы, тақ мұрагері Хокон Магнус ресми сапармен келеді. Сонымен қатар мәртебелі ханзадамен бірге сол елдің Сыртқы істер министрі Й.Сторе, мұнай және энергетика министрі Р.Кос бастаған делегация да ат басын бұрмақ. Мәртебелі қонақтың сапарына орай басылымда «Ханзада Хоконның Қазақстанға сапарына Норвегия бір жыл дайындалды» деген тақырыппен мақала жарияланды.

***

Қаңтар айының 29-ында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жариялаған болатын. Осыған орай «Нұр Астана» газетінің бүгінгі нөмірінде Жолдау жол ашқан жобалар туралы мақалалар топтамасы берілді.

«Домбырасыз ән қайда, домбырасыз сән қайда?!». «Нұр Астана» газеті соңғы кездері сахнаға домбырасыз шығып жүрген әншілерден оның себебін сұрапты. Дегенмен әншілердің барлығы да бірауыздан домбыраны бала кезден серік еткендігін, оны тастау мүлде ойларында да жоқ екендігін айтқан. Мәселен, әнші Тоқтар Серік «Өзімді домбырамен жаралған әншімін деп есептеймін. Алла амандығын берсе, домбырам да мәңгілік қасымда болады» десе, Саят Медеуов «Домбыра мен үшін жай ғана аспап емес, ол - менің өнердегі серігім» депті.

***

«Астана ақшамы» өткен жылдан бері көпті көрген, талайды кешкен қазыналы қариялардың әңгімесін жариялап келеді. Бүгінгі күнге дейін Роза Бағланова, Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, Әмин Тұяқов, Қадыр Мырза Әли, Әбдуәли Қайдар сынды тұлғалардың сұхбатын жариялап үлгерді. «Газеттің кезекті нөмірінде театр сыншысы, өнертану ғылымының докторы Бағыбек Құндақбайұлының сұхбаты дайындалып жатқанда ол кісінің дүниеден озғаны туралы хабар жетті», деп жазады басылым. Сонымен газет бетінде көрнекті тұлғаның соңғы сұхбаты «Кімнің режиссері талантты болса, соның театры мықты» деген тақырыппен берілді.

«Астана ақшамы» газетіндегі елордада «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде атқарылған игі істерге шолу жасалып, ағымдағы жылы жоспарланып отырған шараларға кеңінен тоқталған мақалаға назар салыңыз. Сонымен қатар бұл жайт «Вечерняя Астана» газетінде де кеңінен қозғалған.

Осы басылымның дәстүрлі «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қала тұрғындарының сауалдарына берген тұщымды жауаптары жарияланған.

***

«Балапаннан Болашаққа дейін». Осы тақырыппен «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақала кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысумен өткен Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісіне арналған. Алқа мәжілісі барысында министрліктің осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарының жайы талқыланып, алға қойылған міндеттері сөз болған. Білім және ғылым саласының жағдайы туралы ведомство басшысы Жансейіт Түймебаев баяндама жасаған. Министр есебін тыңдаған Үкімет басшысы 2020 жылға таман еліміздің бүлдіршіндері мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтылуы керектігін баса айтқан.

Алқа мәжілісінде айтылған жайттарды «Комсомольская правда», «Экспресс-К» және «Вечерняя Астана» газеттерінен оқи аласыздар.

«Түркия Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы бастамасын қолдайды», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, Түркия Премьер-Министрі Реджеп Тайып Ердоған Анкарада өткен конференция барысында осындай пікір білдірген. Мақала «Бұл ұйымға төрағалық ететін бірінші түркілік мұсылман посткеңестік мемлекеті» деген түрік Үкімет басшысының сөзі келтірілген.