Ғарышкерлер қатарына қосылу үшін мені ең бірінші медициналық комиссияға М.Алтынбаев жіберген - А.Айымбетов

«Мұхтар Қапашұлы - жеке мен үшін әскери ұшқыштың үлгісі. Қазақстан тәуелсіздігін енді алған кезде Мұхтар Алтынбаев әскери қызметте еді, өмірін Отан қорғауға арнаған азамат. Ұшқыштан бастап Қорғаныс министрі қызметіне дейін өрледі. Бұл да болса Мұхтар Қапашұлының қызметке адал екенін байқатады. Сондықтан, Мұхтар Алтынбаевтың мерейтойына арналған конференцияның бізге де, жастарға да берері мол»,-дейді А.Айымбетов.
Ғарышкер Мұхтар Алтынбаевты ұшақтың барлық түрін игерген ұшқыш ретінде де үлгі тұтатынын атап өтті. «Мұхтар Алтынбаев - ұшақтың барлық түрін әбден меңгерген ұшқыш. Бұл кісінің әскери іскерлігінен бөлек, ағалық қамқорлығын да айта кеткім келеді. Дәл М.Алтынбаевтың бұйрығымен мен ғарышкерлер отрядына қосылу үшін ең бірінші медициналық комиссияға жолдама алған едім»,-деп еске салады А.Айымбетов.