«Ғарышкерлер қазақ сорпасын ішеді» - республикалық басылымдарға шолу

***
Бейжіңде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған Қытай жағынан мемлекеттік органдар, сараптамалық және академиялық құрылымдар, іскер топтар өкілдері, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығының басшылығы қатысты. Өзінің сөзінде Қазақстан Республикасының уақытша сенімді өкілі Қазбек Сәрсембеков биылғы Жолдаудың ауқымы мен елімізді дамыту тұрғысынан стратегиялық жоспарының маңызын атап көрсетті. Ол, сонымен қатар, Президент Н.Назарбаев белгілеп берген жоспарлы міндеттерді орындау нәтижесінде Қазақстан бүгінде дамудың сара жолына түскеніне назар аударды. «Әлемдік қаржы дағдарысының теріс салдарына қарамастан, 2011 жылы Қазақстан ІЖӨ-сі 7,5 пайызға өсіп, жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 11 мың доллардан асып түсті», -деді ол. 1994 жылы бұл көрсеткіш 700 доллар шамасында ғана болатын. Дөңгелек үтел отырысында көтерілген осы және өзге де мәселелер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Маңызы жоғары құжат» деген тақырыппен жарық көрді.
12 сәуір - Қазақстан ғылым қызметкерлерінің күні. Осыған қарай «Егемен Қазақстан» басылымы еліміздің ғылым саласының қалай өрістеп келе жатқандығы және онда орын алып отырған проблемалар мен олардың шешілу жолдарына қатысты жалпы ғылым саласының болашағы жөнінде Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловпен болған сұхбатты жариялапты. Сұхбат «Ғылымды көгертетін, нәтижесін көбейтетін - бәсеке» атты тақырыппен басылды.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, биыл қазақ елі 15 миллион тоннадай астық жинағалы отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы осындай. Айтқандай, сарапшылар Ауыл шаруашылығы министрлігінің астықтың көлеміне қатысты өткен жылғы болжамы да шындық ауылынан алыс қонғандығын еске салады, ақыр соңында бұл ел тарихындағы ең мол астықтың біраз ысырап болуына, «үлес» қосты: Мемлекет аграршылардың тұңғыш рет жиып берген 30 миллион тоннадай орасан ауқымдағы астығын не сақтауға, не тасымалдауға дайын болмай шықты. Бұл қателік қайталанса, саладағы біраз бастар «домалары» анық. Ал жағдай соған таяу сияқты: Үкімет басшылығына элеваторлардың былтырғы астықтан әлі босамағандығы мәлім болды. Бұл мәселе жөнінде «Айқын» басылымы «Жиып жастып астықты, ойламайық қастықты» атты мақалада жазды.
Осы басылымның бүгінгі санында «Ғарышкерлер қазақ сорпасын ішеді» деген тақырыппен мақала жариялап, жағымды жаңалықтан хабардар етті. Басылымның мәлімдеуінше, Қазақ тағамтану академиясы азық-түлік өнімдерін биотехнологиялық жүйемен дайындайтын зертхананың жетекшісі Юрий Синявский ғарыш кеңістігінде ішіп-жеуге болатын тағамдардың түрі белгіленгенін хабарлады. Енді ғарыш мәзірі қатарына қазақтың қайнатпа сорпасы, дәмді палауымен қатар, тағамдық талшықтармен байытылған «Бәйтерек» және «Байқоңыр» деген атауға ие болған қазақтың тәтті күлшесі, кептірілген жеміс-жидек арастырылған сүзбе-йогуртпен толыққан көрінеді. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санында айтылды.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, елімізде Аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктері құрылады. Бұл туралы кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифингте мәлім болды Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аңшылық және орман шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, аталмыш қауымдастықты құрудағы мақсат - мемлекет құзырындағы бірқатар шараларды қоғамдық ұйымдардың құзырына беру. Яғни болашақта жануарлар әлемінің есебі мен мониторингін жүргізу, аңшылық билеттерін беру сияқты өзге де бірқатар жұмыстарды осы қоғамдық ұйымдар атқаратын болады. Бұл норма «Жануарлар әлемін қорғау мен қалпына келтіру туралы» заңының жаңа редакциясында көрсетілген. Бұл мәселе басылымының бүгінгі санында «Охотники войдут в ассоциацию» атты тақырыппен басылды.