«Ғарышкерлерге арнайы зейнетақы тағайындаған дұрыс па?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 29 желтоқсан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ғарышкерлерге арнайы зейнетақы тағайындаған дұрыс па?» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Ішкі сұраныс экономиканың дамуындағы қозғаушы күшіне айналады» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалада АТФ банкінің бас экономисі, UniCredit Resesearch құрама талдамалық есебінің авторы Ханс Хольцхаккердің Қазақстан экономикасының дамуына берген бағасы көрініс тапқан. «Қазақстанның экономикасы 2009 жылғы 1,2 пайыздық өсімнен кейін жүйелі әрі тұрақты түрде қалпына келе бастады. ІЖӨ-нің III тоқсандағы бәсеңдегеніне қарамастан, 2010 жыл экономиканы еңсеретін қуатты жыл болды. Бүгінгі таңда ішкі жалпы өнімнің тұрақты ұлғаю көрсеткіші біздің болжамымыз бойынша, ағымдағы жылы 6 пайызды құрап отыр, бұл - I -III тоқсандардан 7,5 пайызға төмен деген сөз. Ал мұндай көрсеткіштер 2009 жылдың IV тоқсанындағы жоғарғы база негізінде құралып отыр», - дейді Ханс Хольцхаккер. Сарапшының болжамы бойынша, 2011 жылы Қазақстанның экономикасы 5,3 пайызға өседі.

Сондай - ақ аталмыш басылым кеше елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында «Нұрсұлтан Назарбаев - ұлттың ұйысуы мен елдің болашаққа деген сенімінің кепілі» деген тақырыппен өткен дөңгелек үстел отырысында көтерілген мәселелер жөнінде жазды. Мақалада «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Салман Героевтің қазіргі таңда елімізде өзге этнос орталықтарының жандануына, олардың тілдерінің дамуына барлық жағдай жасалғандығын айтқаны жазылған. «Сондықтан біз де елде қолға алынып жатқан осындай бастамаға қолдау білдіруге тиіспіз. Егер Президенттікке Н.Назарбаевтың кандидатурасын ұсынсақ, халық өз дауысын Елбасына береді. Себебі, Мемлекет басшысын алмастыратындай кандидатты бүгін көріп отырған жоқпыз. Еліміздің сыртқы саясатының дұрыс бағытта келе жатқанын жақында өткен ЕҚЫҰ Саммиті мен онда қабылданған декларация да айқындап берді. Бұл жерде де Елбасы беделінің қандайлық жоғары екеніне көзіміз жетті», - деген кешегі алқалы жиында С. Героев. Бұл туралы «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы «Елордадағы этностар қолдауы» атты мақаладан оқып-біле аласыздар.

***

«Жаңа жылда Үкіметке жаңаша жұмыс істеуге тура келіп тұр». «Айқын» басылымының бүгінгі санында дәл осындай тақырыппен мақала жарияланды.«Кеше Министрлер кабинеті мен облыс әкімдері жоғары технологиялардың көмегімен өзара байланысқа шығып, соңғы жылжабар жиынды өткізді. «Бірлескен» отырысқа басшылық еткен Үкіметбасы Кәрім Мәсімов «барысқа» барынша риза екенін, ал «қояннан» көңіл қобалжымайтындығын білдірді. Себебі 2010 жылдың жетістіктері өрлеу кезеңінің мығым негізін қалады. Премьер К.Мәсімов соңғы аптасын «санап» жатқан бұл жылды Қазақ елі үшін нағыз «бетбұрыс жылы» деп бағалады», - делінген мақалада. Үкіметтің кешегі отырысында талқыланған мәселелерге қанық болғыңыз келсе, «Айқынның» бүгінгі нөміріне зер салыңыз.

Сондай-ақ «Айқынның» бүгінгі нөмірінде «Ғарышкерлерге арнайы зейнетақы тағайындаған дұрыс па?» деген тақырыпен шағын мақала басылды.Мақалаға Мәжілісте соңғы уақыттарда қызу талқыға түскен заң жобаларының бірі - кеше таныстырылымы өткен «Ғарыш қызметі туралы» заң жобасы арқау болған. «Дау тудырған - заң жобасының 33-бабы. Мұнда ғарышкерлерге арнайы зейнетақы тағайындау көзделген. Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабековтің айтуынша, Ресейде ғарышкерлер 5 мың доллар көлемінде зейнетақы алады. Ал Қазақстанда мұндай жеңілдік көрсетілмеген. «Сондықтан ғарыш саласында 10 жыл қызмет еткен жан зейнетақы мен әлеуметтік жеңілдіктерге ие болуы керек», делінген мақалада.

***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Нарушения устранены» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда қызылордалықтарды ауыз сумен қамтамасыз етуге қатысты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлықпен күрес кеңесінің бірлескен отырысында көтерілген мәселелер жөнінде баяндалған. Партияның облыстық Сыбайлас жемқорлықпен күрес кеңесінің төрағасы Берік Сарсенбаевтың сөзіне қарағанда, аймақтағы ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі алаңдаушылық тудырып отыр. Аймақтың орталық және оңтүстік өңірлеріндегі бірқатар ауылдарда сумен қамтамасыз ету нысандарының құрылысы кезінде заңбұзушылықтарға жол берілген. Енді осы бағыттағы жұмыстар барысында жіберілген кем-кетіктермен қаржы полициясы айналысады.