Ғарышта бір жыл болған астронавттың бойы 4 сантиметрге өсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғарышта 340 күн болған Скотт Келлидің дене бітімі өзгерген, деп хабарлайды CNN агенттігі.
Американың астронавты Скотт Келли 2 наурызда ХҒС-нан Жерге оралды. Арада бірнеше күн өткен соң оның егізінің сыңары - Марк ғалымдарға Скоттың бойы өзгергенін хабарлаған.
Ұшырылымға дейін Марктың айтуынша, егіздердің дене бітімдері бірдей болған. Скотт туған қаласы Хьюстонға келгенде анықталғандай, ол ғарышта болған шақта омыртқалары 4 сантиметрге созылған. Алайда арада екі күн өткен соң егіздердің бойлары «теңесіпті».
Ғалымдар ағайынды Келлилерді тексеріп, егіздерге қоршаған ортадағы өзгерістердің қалай әсер ететінін түсінуге тырысып көрмек.