Ғарышта да ораза ұстаған - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 16 шілде, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Ғарышта да ораза ұстаған - баспасөзге шолу

***

Лондонда өткен «Уимблдон» додасы күні кеше ғана өз мәресіне жетті. Осы турнирде кімнің қанша табыс тапқаны туралы ақпарат бұл күндері барша жанкүйерлерді қызықтырып отыр, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Теннисшілердің табысы қанша?» деген тақырыптағы мақаласында.

Басылымның атап өтуінше, «Уимблдон» турнирінің жүл­делік қоры жылдан-жылға артып келе жатқаны баршаға мәлім. Биыл ол 41 миллион АҚШ дол­ларын құрады. Тарқатып айтсақ, жекелеген сайыста бас жүлдені олжалаған теннисшілердің әр­қай­сысына 2 876 398 доллардан табыс етіледі. Биылғы жарыста сербиялық Новак Джокович пен америкалық Серена Уильямске тең келер ешкім табылмады. Не­гізі, бүгінгі таңдағы теңдессіз тен­нисшілердің рейтингінде көш бастап келе жатқан қос мықты­ның екеуі де әлемдегі ең бай-қуатты спортшылардың қатарына еркін еніп отыр. Мәселен, осы спорт түрін серік еткелі бері 28 жастағы Джоковичтің табысы 80 миллион долларға жуықтады. Ал 33 жастағы Уильямс болса, $65 миллионнан аса қаражатты өзінің жеке есепшотына аударды. Ал одан бөлек, түрлі жарнамалардан түскен қаржыны есепке алсақ, Новак пен Серенаның бұл күндері бақыттан бастары айналып жүр­гені айдан анық. «Уим­бл­дон­дағы» өзінің былтыр­ғы көрсеткішін қайталаған Зарина Дияс $183 600 иеленді. Оның сыртында жұптық сайыстың ал­ғашқы айналымында ұтылғаны бар. Сол бәсекеге қа­тыс­қаны үшін ғана Зарина $7 932 алды. Нәтижесінде, Лондондағы жа­рыс­­тан Диас 191 532 доллармен орал­ды.

Кеңестік дінге қарсы үгіт-насихат сол кездегі космонавтиканың жетістіктерін дінге қарсы барынша пайдаланды. Бірақ кеңестік идеология ғарышты игеру мен Ислам дінінің арасында кереғарлық жоқ екенін, қайта Ислам Алланың атымен ғарышты игеруді барынша құптайтынын елеп-ескермеді, деп жазады аталған басылым «Ғарышта да ораза ұстаған» деген мақаласында.

Басылымның атап өтуінше, нағыз мұсылман адам кез келген уақытта және кез кел­ген жер­де, тіпті ғарышта болса да бес уақыт намаз оқуға, ал егер ұшу сап­ары рамазан айына сәйкес келсе, ғарышта да ора­за ұстауға міндетті. Космонавтика тарихында мұсылман-ғарышкердің ға­рышқа ұшуы тұңғыш рет 2007 жылы рамазан айына сәйкес келді. Малайзияның 35 жастағы дәрігері Шейх Мұзафар Шү­кір қа­сиетті рамазан айын ғарышта өткізген тұңғыш ис­лам өкілі болып тарихқа енді. Ол ұшар алдында ғарышта қа­лай дәрет алуды, Меккенің қай жақта орналасқанын, на­маз оқитын уақыттарды, ең бастысы, орбитада қасиетті Рамазан айында қалай ораза ұстау керектігін үйрететін арнайы шығарылған кітапшаға ие болды. Сонымен қатар ол үшін халал стандартына сай тағамдар әзірленді. Әрине, ғарышта жердегідей үсті-басыңызға толық су құйы­нып, ғұсыл ала алмайсыз. Ондай мүмкіндік жоқ. Оның үстіне ғарышта адам басына күн сайын төрт литр су ғана пай­далануға рұқсат. Бұған да исламда жеңілдік бар, су болмаған немесе ол тапшы жағдайда тәямум алса, жетіп жатыр. Малайзияның ұлттық ғарыш агенттігі мен ислам даму де­партаменті екі күндік конференция нәтижесінде орбитада мұсылманның өзін қалай дұрыс ұстап, ислам талаптарын қатаң сақтау тәртібін белгілеген. Бұл басқосуға сол кезде 150 ғалым дінтанушы мен астронавт жиналып, өзара ақылдасқан екен. Осылайша мұсылман адамның ғарышта да ислам нор­маларымен өмір сүруіне толық мүмкіндігі бар. Ислам ға­лымдары мен малайзиялық бағдарламашылар ғарышта азан шақырылу, намаз оқу уақытына байланысты әрбір деталіне дейін бағдарлама түзіп қойған. Оған қоса, арнайы құрал ғарыштан Меккені бағыттап көрсетіп тұрады. Тіпті Меккені табу мүмкін болмаған жағдайда, бетті Жердің өзіне бағыттаса жетіп жатыр (Жердің өзінде пойыздың қозғалысына сай жолаушы намазды кез келген бағытқа қарай оқи береді).

***

16 жастағы ақтөбелік бойжеткен әлеуметтік желі арқылы діни ағымға бой алдырған өзі құралпы жігітпен танысып, үш рет сөйлескеннен кейін оған тұрмысқа шығып кетіпті , деп жазады «Экспресс К» газеті «Четыре сбоку - ваших нет» деген мақалада. Басылымның жазуынша, олардың ерлі-зайпты өмірі небары бір айға созылған. Жігіт бойжеткенді талақ етіп, енді оның сыныптас құрбысына үйленіп алыпты.

«Біз Батыс Қазақстандағы жағдайдың тым ушығып кеткенін көріп отырмыз. Жоғары сыныптың қыздары интернет арқылы дәстүрлі емес діни ағымдағы жігіттермен танысады. 2-3 рет хат алмасқаннан кейін неке қию күнін белгілеп қояды», - дейді Дінді зерттеу орталықтары қауымдастығының директоры Юлия Денисенко.

Оның айтуынша, қауымдастық осындай жағдайға душар болған бір бойжеткенді құтқарып қалған. Ақтөбелік мектеп оқушыларының өмірі жайлы сол айтып берген.

«Қыздардың барлығы мұны құпия түрде жасайды,ата-аналары олардың не істеп жүргендерін білмейді де. Иә, әрине, Құран бойынша ер адамға төрт әйел алуға рұқсат етілген. Бірақ исламды былғап, өздерінің нәпсілеріне бұрмалап алған адамдар осы 4 деген санға ғана жабысып қалған. Шындығында олар әйелдерін үнемі «ауыстырып» отырады», - дейді маман.