Ғарыштық мониторингтің арқасында өрт ошақтарын дер кезінде анықтауға мүмкін болып отыр - ҚР ТЖМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жерді қашықтықтан зондтау әдісімен табиғи өрттерді бастапқы кезеңінде анықтау жүйесі дамытылуда.

Ғарыштық мониторингтің арқасында өрт ошақтарын  дер кезінде анықтауға мүмкін болып отыр - ҚР ТЖМ

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті Мемлекеттік өрт бақылау және анықтау басқармасының басшысы Мейрамбек Қайсанов мәлім етті.

«Жерді қашықтықтан зондтау әдісін пайдалана отырып, табиғи өрттерді бастапқы кезеңінде анықтау жүйесі дамытылуда. Сәуір айынан бастап ҚР ТЖМ-нің «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясымен келісімі аясында күн сайын Республикалық дағдарыс орталығына еліміздің барлық аумағын қамтитын термикалық нүктелер бойынша жерді қашықтықтан зондтаудың 2-3 суреттері келіп түседі»,-деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, жерді қашықтықтан зондтау суреттерімен бірге елді мекеннің орналасқан жері, жақындағы су көздері, жолдар, өрт ошағы мен аумағы, желдің жылдамдығы мен бағыты туралы мәліметтер анықталады.

«Деректер өңделгеннен кейін, мәлімет өрт орын алған облыстағы өңірлік бөлімшеге жіберіледі. Атап айтқанда, сәуірден бастап ғарыштық мониторингтің арқасында дала өрттері ошақтарының 70 пайызын уақтылы анықтап, ауыздықтауға мүмкін болды»,-деді М. Қайсанов.