Ғашықтар күні: ШҚО-дағы ең мерейлі отбасы атанған ерлі-зайыптының өзіндік ережелері бар

ғашықтар
Фото: кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Бүгін 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні. Махаббаттың символына айналған қос ғашықтың аты берілген бұл күнде жастар бір-біріне сезімін білдіріп, жұптар сыйлық берісіп, екінші сыңарын қуантып жатады. Тек жастар емес, бір шаңырақтың астында ұзақ жыл тұрып келе жатқандар да мерекені атап өтіседі. Солардың бірі – ШҚО бойынша «Мерейлі отбасы» кубогінің жеңімпазы атанған көпбалалы ерлі-зайыпты Жанболат Мұрат пен Кенжегүл Дүйсенбайқызы.

Екеуінің серт берісіп, отбасын құрғанына биыл 17 жыл толып отыр. Студенттік шақта танысып, бір-біріне сезімі оянған. 

ғашықтар
Фото: кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

«Рамазан айы болатын. Ортақ таныстарымыз ауызашарға шақырып, сол жерде таныстық. Қасиетті айда жолыққанымызды жақсылыққа баладық. Сөйтіп, екі жарты бір бүтін болып қосылдық. Қазір 4 баламыз бар. Тұңғышымыз Анель 14 жаста, екінші баламыз Ерсұлтан 11-де, үшіншіміз Малика 9-да, кенжеміз Бекарыс 2 жарымда», - дейді Жанболат Мұрат.

Отағасы Өскемендегі жеке меншік компанияда машинист болып жұмыс істейді. Ал әйелі Абай атындағы №33 орта мектепте мұғалім. Балаларының бәрі білімді, шетінен өнерлі. Әртүрлі сайыстарға қатысып жүлделі орындарды иеленуде. Білімін қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларда паш етіп жүрсе, өнер, спорт жағынан да Грамоталар мен медальдары жетерлік. Одан кейін отбасының өзі де сан алуан сайыстардан басқалардан оқ бойы озық шығып жүр. 

ғашықтар
Фото: кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

«Біз негізінен осындай сайыстарға әуелде қатыспадық. Бұл балаларымыздың тілегі еді. Бір жерден оқып алады да, «қатысайықшы» деп қоймай қояды. Көңілін қалдырғымыз келмейді. Сөйтіп, алғаш рет «Әкем, анам және мен» деген спорттық жарысқа қатысып көрдік. Қарсыластарымыз мықты болды. Бірақ ойламаған жерден үшінші орынды иелендік. Ақшалай, заттай сыйлықтар алып, тамаша көңіл күймен қайттық. Содан соң «Өнегелі ене, ибалы келін» деген байқауға қатысып бас жүлде алдық. Облыстық деңгейде өткен байқауда өнерлерімізді, салт-дәстүрді қаншалықты білетінімізді паш еттік. Оған әжеміз де, балаларымыз да түгел қатысты. Ал былтыр отбасы күнінде «Мерейлі отбасы» кубогін жеңіп алдық», - дейді Кенжегүл Дүйсенбайқызы.

Ерлі-зайыпты шаңырақ көтерген күннен бастап өздерінің ережелерін бекіткен. Балалары дүниеге келгенде сол ережелерге аз-маз өзгеріс енгізіліп отырыпты. Үйдің еркелері де отбасының ішкі заңдарын жақсы біледі. 

ғашықтар
Фото: кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

«Отбасымыздың негізгі ережелерін жатқа білеміз. Бірінші – ерте тұру. Біз тіпті демалыс күндері де ерте тұрамыз. Сонда жоспарларымызды іске асыруға уақыт көп болады. Екінші – өз сүйікті ісімізбен айналысу. Үшінші – ешқашан мойымау, өзіңе сену. Төртінші – тазалықты сақтау. Бесінші – бір-бірімізге көмектесу, қамқор болу, берген уәдені орындау», - дейді екінші балалары Ерсұлтан.

Жанболат Мұраттың айтуынша, отағасының ең негізгі міндеті – әйелін, бала-шағасын асырау, керек-жарағын алып беру. Одан кейін қорған болып, ұл-қыздарына дұрыс тәрбие беру. Ал Кенжегүл Дүйсенбайқызы өз сөзінде үйде мынау әйелдің, осы еркектің міндеті деп бекітіп тастаған дұрыс еместігін жеткізді. 

ғашықтар
Фото: кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

«Қазір нәзік жандылар арасында үлкен лауазымдарда қызмет атқарып, ел басқарып жүргендер бар. Ас үйде тамақты дәмін тіл үйіретіндей етіп пісіретін ер адамдар да кездеседі. Сондықтан ерлі-зайыптылар арасында міндеттерді бекітіп тастамаған дұрыс. Бізде үйге бірінші кім келсе сол тамақ пісіреді. Үнемі бір-бірімізге көмек көрсетеміз. Балаларымызды да соған тәрбиелеп жатырмыз», - дейді отанасы.

Шаттық ұялаған отбасы тек мерекелерде емес, былай күндері де қыдырып, бірге уақыт өткізгенді ұнатады. Басқа қалаларға сапар шегіп, жаңа жерлерді көріп жаңа эмоциялар алып тұрады.

«Осы сәтті пайдаланып қазақстандықтарды Ғашықтар күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Қозы Көрпеш пен Баян сұлу жас буынға нағыз махаббаттың қандай болуы керектігінің жарқын үлгісі. Сондықтан бұл күн қыз-жігіттерге бір-біріне адал болуға, сезімі үшін күресе білуге шақырады», - дейді Кенжегүл Дүйсенбайқызы.

Соңғы жаңалықтар