«Ғашықтар күні сәуірге ауыстырылды» - Республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 16 ақпан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында Сенат депутаты Қуаныш Айтахановтың «Болашақ өз қолымызда» атты мақаласы жарияланды. Мақалада Елбасының биылғы Жолдауында көтерілген мәселелерге терең талдау жасалынған. «Елбасының тіл туралы нықтап айтқан тапсырмалары әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер тарапынан толық іске асырылмай отырғанын да айта кетуіміз керек. Алдағы кезде, Елбасы бекіткен мемлекеттік тіл бағдарламасын мүлтіксіз орындау әрбір қазақстандықтың бірінші кезектегі міндеті екендігін түсінетін уақыт жетті. Осы жерде Білім және ғылым министрлігіне айтатын ұсыныс бар. Ол орыс тілінде мектеп бітіруші оқушылардың қазақ тілінен тапсырған тест сынағы бірыңғай тест қорытындысында есепке алынатын болса, қазақ тіліне деген қажеттілік туындап, мемлекеттік тілді оқушылар тереңдетіп оқып, тез біліп шығар еді. Бұл - министрлік құзырында шешілетін мәселе», - делінген мақалада.
Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі санында «Мектеп Міржақып атын алды» деген тақырыппен мақала басылды. Мақалада жуырда Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова басқаратын облыстық ономастикалық комиссияның отырысы өткендігі, сол отырыста аудан орталығындағы Железинка қазақ орта мектебіне ұлтымыздың біртуар азаматы, халқына «Оян, қазақ!», деп ой салған, биыл туғанына 125 жыл толатын Міржақып Дулатұлының есімін беру жөніндегі ұсыныс бірауыздан қолдау тапқаны жазылған. «Сондықтан, мектеп ұжымы, оқушылар енді бұл ұсыныстың жоғарыдан бекітілуін асыға күтуде», - делінген мақалада.
***
«Үкімет тұрғын үй құрылысын қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын әзірледі». «Айқын» газетінің бүгінгі санында осындай тақырыппен жарық көрген мақалаға кешегі өткен Үкімет отырысында көтерілген мәселелер арқау болған. «Министрлер кабинеті өзінің кешегі жиынында Еңбекпен қамтудың жаңа бағдарламасын қабылдады. Елбасының «Қазақстандықтардың баспана және тұрмыстық жағдайларын жақсарту» міндеті аясында осы күні Үкімет тұрғын үй құрылысын қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын әзірледі. Ел Үкіметі осы отырысында, жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша, қолжетімді баспананың бағасын 1 шаршы метрі үшін 170 мың теңгеге дейінгі деңгейде бекітті. Шаршы метр құны әр өңірдің өз ерекшелігіне қарай, осы баға аясында құбылып отыратын болады. Осындай талап әлгі бағдарламаның «Тұрғын үй құрылысын қолдау шаралары туралы» деп аталатын екінші бағытында белгіленіп отыр»,-делінген мақалада.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, «Әулие Валентин күні» деп католиктер 14 ақпанда атап өтетін ғашықтар күнін алматылықтар 15 сәуірге шегерді. Бұл туралы Алматы қалалық білім беру басқармасының жанындағы тәрбие жұмысы жөніндегі бөлімнің бастығы Қатипа Молдабаева мәлімдеді. «Қаңтар айында Алматы қаласы әкімдігінің мәдениет, жастар саясаты мәселелері жөніндегі және баспасөз қызметі алда жасалатын шаралардың жоспарын бекітті. Осы құжаттың 7 бөліміне сәйкес, «Ұлттық ғашықтар күні» 15 сәуірде кең көлемде аталып өтілетін болды. Осы құжатқа және жасөспірімдерді бұрыс тәрбиеге бағыттайтын бұл мерекеге қарсылық білдірген ата-аналардан келіп түскен көптеген шағымдарға байланысты биыл Әулие Валентин күні қала мектептерінде ескерусіз қалды. Сонымен қатар «Болашақ» қозғалысы 11 ақпан күні «Валентин күні» атап өтуге қарсы шаралар ұйымдастырды»,-делінген мақалада. Мақала «Ғашықтар күні сәуірге ауыстырылды» деген тақырыппен басылған.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Берген баспанада береке болмады» атты проблемалық мақала жарияланды. «Қазір Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік көрсетіп, еліне аман оралғандардың қатары да сиреп барады. Көзі тірілерін тіпті саусақпен санарлық десек те болады. Олардың бүгінгі жағдайы қалай? Саналы ғұмырында тағдырдың тауқыметін тартқан асылдың сынықтары ендігі қалған санаулы ғұмырларын қалай өткізіп жатыр? Бір ғана мысал, Семейде былтыр Жеңіс күні қарсаңында қаланың Энергетик кентінен ардагерлер құрметіне деп пәтер кілттері табыс етілді. Жаңа баспана алған ақсақалдар қуанышында шек болмады. Ардагерлер арасында тіпті жасы 100-ден асқандары да бар еді. Өмірлерінің соңында «басы бүтін баспана алдық» деп бөріктерін көкке атқан ағайын, қыс қылаң бергенде көздеріне жас алды. Өйткені құрметтеп берген үй қарттарға пана болмай отыр»,-делінген мақалада.
Аталмыш басылымда «Импортты өбектеудің қажеті жоқ» деген тақырыппен мақала басылды. «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашевтің айтуынша, кәсіпкерліктің жолбасшысы саналатын «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының сауда секторына қатысты бөлігіне көп кідіртпей өзгерістер енгізу керек және болашақта сауда кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау көрсетуді шектеу керек. «Атап айтар болсақ, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының шеңберінде сауда саласындағы сауда орталықтарына, дүкендер жүйесіне тек инфрақұрылымды құрылыстар салуда ғана мемлекеттік қолдау көрсеткен абзал. Ал мемлекеттік бағдарлама аясында саудадағы айналым операцияларын қаржыландыруға түбегейлі тыйым салу керек», - дейді А. Перуашев.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, кеше «Астана қаласы бас жоспарының ғылыми-зерттеу жобалау институты» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы мен мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласы өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізді. Онда атап көрсетілгеніндей, алдыға қойылған міндеттерге сәйкес енді бір 20 жылдан соң астанамыз адам танығысыз өзгереді. Елорда бұдан әрі құлпырып, жасыл желекке бөленіп, таза әрі тұрғындарға барлық қолайлы жағдайлар туғызатындай болады. Ал қаланың тұрғындары 1 миллион 200 мыңға жетеді. Тұрғындар болашақта еш қиналмастан арнайы қала маңындағы аймақтарға барып демалатын болады. Бұл мәселе жөнінде толығырақ білгіңіз келсе, басылымының бүгінгі санындағы «Астана как гостья из будущего» деген мақалаға зер салыңыз.