Ғасыр соңына қарай Каспий теңізі 6 метрге дейін төмендеуі мүмкін
АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий теңізінің деңгейі ғасыр соңына қарай 6 метрге дейін төмендеуі мүмкін. Әзербайжан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық саясат басқармасы басшысының орынбасары Рафиг Вердиев осындай пікір білдірді.

Ол бұл ақпаратты сәрсенбі күні Trend.az агенттіне хабарлады.
Рафиг Вердиевтің мәліметінше, соңғы 30 жылда Каспий теңізіне құятын өзендердің деңгейі төмендегені байқалады.
«Кейінгі кезде жауын-шашын мөлшері азайды. Булану үдерісі жоғарылады. Бұл Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. 1979 жылы Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты солтүстіктен құятын өзендер жөнінде арнайы жоба қарастырылған. Кейін теңіздің деңгейі көтерілді. Сол себептен, аталған жоба кейінге қалдырылды. Алайда, қазіргі байқалып отырған үдерістерге байланысты бұл жобаны қайта қарастырылу мәселесі туындауы мүмкін», - дейді Рафиг Вердиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий теңізінде жасанды аралдар пайда болуы мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.