Қызылорда облысында ғасыр жасаған әже дауыс берді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында мәслихат депутаттарын сайлау өз деңгейінде өтіп жатыр.
Аудан тұрғындарының саяси науқанға қатысу белсенділігі жоғары.
- Сайлауға қатысқан тұрғындардың арасында биыл 102 жасқа толған Тәжбен Исабекова әже де бар. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен қазыналы қария өз шаңырағында дауыс беріп, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті, - деп мәлімдеді өңірлік коммуникация қызметі.
Ақ жаулықты әже сайлау рәсімінен кейін батасын беріп, елдің амандығын, жұрттың бірлігін тіледі.
– Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ел тізгінін ұстайтын азаматтарымыз халықтың қамын ойлап, елге адал қызмет етсін. Ұрпағымыздың болашағы жарқын, ынтымағымыз берік болсын. Әр шаңыраққа бақ-береке, денсаулық пен қуаныш тілеймін. Ақ жолдан таймай, ел болып еңселі өмір сүрейік, – деді Тәжбен Исабекова.
Еске салайық, өңірде таңғы сағат 7.00-де барлық сайлау учаскесі ашылып, жұмысын бастады.