Ғасыр жасаған алматылық майдангер үйінде дауыс берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Маңызды саяси науқанда 100 жастағы майдангер өз таңдауын үйінде жасады.
Алматы қаласында тұратын соғыс ардагері Виктор Изюмников конститутциялық құқығын пайдаланып, үйінде дауыс берді. Қарт майдангер әлі күнге дейін тың, жігерін жоғалтпаған.
— 100 жасқа келіп, ғасыр тойыма жеттім. Еселі еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне мол үлес қостым деп ойлаймын. Бүгін болашақ ұрпақ үшін өз таңдауымды жасадым. Жастарға менің жасымды берсін, — деді соғыс ардагері.
Виктор Изюмников - II дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері.

Осыған дейін, Қызылорда облысында 103 жастағы майдангер Яхия Тасыров өз таңдауын жасаған болатын.
Сондай-ақ Алматы облысы, Кеген ауданында тұратын 103 жастағы кейуана учаскеге бала-шағасымен бірге келді.
Айта кетейік, Алматыда жалпыхалықтық референдумда дауыс беру 624 учаскеде жүріп жатыр. Оның 549-ы азаматтарды тұрақты тіркеу орындары бойынша болса, ал 75-і — ауруханалар, санаторийлер және әскери бөлімдер сияқты уақытша орналасқан орындар.

Сондай-ақ, 172 учаскеде тіркеуді тексеру сервистері орнатылады. Олар дауыс берушілер өзін тізімінен таппаған жағдайда қолданылады.
Мегаполисте 1,2 млн астам адам дауыс беруге құқылы.