Ғасыр ортасында мегаполистердің дәуірі туады - ҚР Президенті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғасыр ортасында мегаполистердің дәуірі туады. Бұл туралы бүгін Global Challenges Summit 2018 форумының жалпы отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауынша, ғасыр ортасында қалаларда тұратын халықтың саны 7 млрд адамға жететін болады. Бұған қоса, ірі агломерацияларға халықтың гипершоғырлануы орын алады. Мегаполистер дәуірі туады және олардың арасында бәсекелестік болады. Инвестиция, үздік ақыл-ой, технолиялар үшін күрес жүріп, оларға барлық жағдай жасалады. Экономика үшін идея мен білім маңызды», - деді Қазақстан Президент .
Елбасы осы ретте Қазақстан агломерацияны дамыту стратегиясын жүзеге асыра бастағанын атап өтті.
«Егер бізде, бұрынырақта миллион тұрғыны бар бір ғана қала - Алматы болса, ендігі уақытта Астана, Шымкент қалалары қосылды. Яғни үш қала болды. Бұл процесс жалғаса беретін болады. Сондықтан да елордамыздың 20 жылдығын мерекелеу аясында 5 шілде күні Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің ірі қалаларының форумын өткізу тосыннан қолға алынып отырған жоқ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.