Ғасыр жасаған аналарға құрмет көрсетілді - Қызылорда
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Айдын Қайруллаев 1 наурыз - «Алғыс айту» күні және көктемнің шуақты да шұғылалы мерекесі 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында жасы 100-ден асқан қала тұрғындары Рабиға Қоянбаева, Нәзира Аймағамбетова мен Малика Анапияева әжелердің отбасында болып, ғасыр жасаған аналарды мерекелерімен құттықтады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Қарт аналарымызға қала әкімінің арнайы құттықтау хаты мен сыйлықтарын табыстап, иықтарына қамзол жауып, екі ғасырдың куәсі атанған алтын құрсақты аналарға құрмет көрсетті.
Бүгінде жасы 104-ке келген Рабиға әжейдің 5 баласы, 7 немересі, 9 шөбересі болса, жасы 100-ге келген Малика әжейдің 9 баласы, 20 немересі, 8 шөбересі, ал Нәзира әжейдің 3 баласынан тараған 10 немересі, 15 шөбересі, 1 шөпшегі бар.
Өз кезегінде, ғасыр жасаған әжелер ұрпағының көрсетіп жатқан құрметіне алғысын білдіріп, ақ баталарын берді.